Шығыста демалушылар шомылу ережелерін елемей жүр
Шығыс Қазақстан облысында судағы қауіпсіздік ережелерін елемейтін демалушылардың саны артып барады.
Әсіресе Бұқтырма су қоймасының жағасында мұндай келеңсіздік жиі анықталады. Курорттық аумақта су көлігінің қозғалысы да реттелмеген. Абай облысындағы жағдай да осыған ұқсас. Жуырда моторлы қайықты тізгіндеуші демалушыны қағып кетті. Қазір зардап шеккен азамат ауруханада жатыр. Ереже неге сақталмайды?
Туристер Бұқтырма су қоймасында скутермен серуендеуді аса қатты ұнатады. Бірақ демалушыларға техника иесінің жүргізу куәлігі бар ма, жоқ па? Ол жағы қызық емес. Ал көліктік бақылау инспекторлары техниканы тізгіндеудің қарапайым ережелері жиі бұзылатынын алға тартады.
Бұл ескекшілер құтқару күртешесін кимеген. Қайықтағы үш адам өздеріне сенімді.
Бұқтырма су қоймасының тереңдегі 40 метрге дейін жетеді. Ал желді күндері толқындары 1,5 метрге дейін көтеріледі. Құтқарушылар осындай ескертулер айтудан жалықпайды.
Демалушылардан бөлек шағын кеме мен қайық тізгіндегендер де қауіпсіздік ережесін сақтамайды. Құтқару жейделерін кимеу, кеме билеттерінің болмауы сияқты деректер де тыйылмайды. Курорттық аумақта адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету - күн тәртібінен түспеген мәселе.
Марина Лискова, ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы:
- Бүгінгі рейд көптеген мәселенің бетін ашты. Адамдар ескертулерімізге мән бермейді. Бұл судағы оқыс оқиғалардың көбеюіне себеп болып отыр.
Андрей Львов, ШҚО көліктік бақылау инспекциясының жетекші маманы:
- Біз профилактикалық шараларды тұрақты өткіземіз. Әрине, тұрғындар түсіністікпен қарап жатады. Көбі заң бұзған жағдайда айыппұл арқалайтынынан хабардар.
Шомылу маусымы басталғалы қауіпсіздік ережесін сақтамау бойынша 70-тен астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. Заңбұзушылар 40 мың теңгеге дейін айыппұл төледі. Құтқарушылар су айдыны жағалауларында үш мыңнан астам рейд өткізді.
Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин және Дмитрий Пыхтин