Талдықорғанда ағаштар ерте сарғайып барады
Талдықорғандағы жасыл желек жаздың соңына жетпей сарғайып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Көшелердегі көк шөпті былай қойғанда саябақтағы өскіндердің өзі күздегідей көрініске еніп тұр. Жайқалып өскен ағаштар неге қурап кетті?
Аптап ыстықтан «Ардагерлер» саябағы сарғайып кеткен. Өзен мен көлшіктің ортасында тұрған көк шөпке тамшы тамбағандай. Автоматты суару жүйесінің істемейтіні көрер көзге көрініп-ақ тұр.
Бақыт Құлбекова, Жетісу облысының тұрғыны:
- Салынып тұрған парктің шыршаларын қараңызшы, судан өліп тұр. Талдықорғанның тазалығы керек.
Райгүл Мұқашева, қала тұрғыны:
- Күн ыстықта бәрі қурап жатыр. Су мәселесі өте көңілді аз бөледі. ЖКХ дей ме, солар жұмысты дұрыс жасаса дұрыс болар еді.
Әкімдіктегілер қала аумағындағы 200-ге жуық ағаштың қурағанын анықтаған. Сонымен қатар Жастар, Орталық және Қаратал бойындағы саябақтың сарғайып кеткенін мойындап отыр. Олар мұндай жағдай мердігерлердің конкурс нәтижесімен келіспеуінен туындады дейді.
Мақсұт Нұрғалиев, қалалық ТҮКШ бөлім басшысы:
- Бірден-бір проблема, конкурстық мәселелер – мердігер мекемелердің бір-біріне арыз шағым түсіруі. Арызды біз бір қарастырмыз. Біздің шешімімізге келіспеген жағдайда ішкі аудит департаменті бар. Оларға жазады. Олардың шешіміне қанағаттанбаған жағдайда ішкі аудит комитетіне жазады. Сол себепті мердігер мекеме анықталмай жатты.
Қаладағы көпшілік мәдени орындарды күтіп ұстауға 827 млн теңге қарастырылған. Қазір конкурс аяқталып, жеңімпаз атанғандары іске кірісіп кетті. Нәтижесінде Қаратал бойындағы саябақ қалпына келе бастады. Қоғам белсендісі мұндай жұмыстың енді тұрақты түрде жүргізілуін тұрғындардың өзі қадағалау қажет екенін алға тартып отыр.
Амир Газалиев, қоғам белсендісі:
- Әрқайсымыз «Сергек» сияқты болуымыз керек. Қаладағы әрбір жайтты байқап, көңіліміз толмаса, суретке түсіріп, оның орындалуын талап етуіміз қажет. Өйткені мерідгерлер қазір мықты болып алды. Оларға әкімдік оңайлықпен ықпал ете алмайды. Ал қоғам болып айтсақ, бәрі жақсы болады. Сол себепті тұрғындар белсенді болуы керек.
Мердігер мекеме өкілдері саябақтарды күтіп ұстайтын компанияны 3 жылға бекіту керек деп есептейді. Сонда әкімдіктегілер жыл сайын конкурс жеңімпазын анықтап әуре болмайды. Ең бастысы, қаладағы тынығу орындары қараусыз қалмайды, жасыл желегі де қурамайды, - дейді.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов.