Қазақстанда электрлі көліктерге сұраныс артты
Қазақстанда жанармайсыз жүйіткитін темір тұлпарға сұраныс артты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мәселен, соңғы 1 жылда оның саны 3 есеге өскен. Мамандардың мәліметінше, қазіргі таңда елімізде 3,5 мың электромобиль бар. Алайда бұл типтегі машиналарды қуаттайтын бекет саны жеткілікті ме?
Осыдан 2 ай бұрын Астана қаласының тұрғыны Иван Терешок жанармаймен жүретін көлігін жаңа электромобильге айырбастады. Басты себеп, бұрынғы темір тұлпарының шығыны тым артып, қалтаға салмақ салған. Электрокарды тізгіндеп жүрген бұл жігіттің көлігі арнайы құрылғымен толық қуатталған жағдайда 500 шақырымға дейін жүруге қауқарлы.
Иван Терешок, қала тұрғыны:
- Мен электромобилімді арнайы тапсырыспен Қытайдан алдырдым. Себебі көпфункционалды көліктің пайдасы көп. Бұрын айына 60 мың литр бензин сарп етіп шығындалсам, қазір 5 мың литр бензинге кететін ақшаны электр тоғына жұмсап жүрмін.
Бүгінгі танда елімізде 5 миллионға жуық жеңіл көлік болса, соның 3,5 мыңға жуығы – электромобиль. Мамандардың мәліметінше, 2022 жылдан бастап электр қозғалтқышы бар жеңіл көлік саны 3 есе өскен.
Артур Мискарян, Автокөлік нарығын мониторинг-талдау агенттігінің бас директоры:
- Электромобил өндірісі әсіресе Қытай мен Үндістан жане Еуропа мемлекеттерінде дамып келеді. Қазақстанда да электромобильдерді сатып алушылар саны еселеп артқан. Мәселе болмау үшін арнайы электр қуаттағыш бекеттерінің саны да артып, сапалы қызмет көрсетіліп жатыр.
Астананың өзінде электрлі көлікті қуаттайтын 53 арнайы бекет бар. Бүгінде елордалық жолаушыларға 100-ден астам электроавтобус қызмет көсретеді. Жыл соңына дейін бас шаһардағы мұндай қоғамдық көлік санын 300-ге дейін жеткізу көзделген.
Манарбек Құлмұқан, қалалық Көлікті үйлестіру департаментінің техникалық-мониторинг бағыты жөніндегі басшысы:
- Елордамыз бойынша 115 электроавтобус бірнеше бағыт бойынша жолаушыларға кызмет көрсетеді. Мұндай заманауи қоғамдық көліктерді қала тұрғындары да жақсы қабылдап жатыр. Осы уақытқа дейін автобустың қауіпті тұстары байқалмады.
Бүгінде елімізде электромобильдерді пайдалану бойынша Алматы мен Астана қалалары көш бастап тұр екен. Ал көліктің бұл түріне Ақмола, Ұлытау және Абай облысының тұтынушылары мүлдем қызығушылық танытпайтын көрінеді. Қалған өңірлерде электрлі көлік арагідік кездеседі, - дейді мамандар.
Авторлары: Үсенхан Дәулетбердіұлы, Руслан Әлиев, Мұрат Әріпханов.