Арал ауданындағы жолдың 80% жақсартылады
Биыл Қызылорда облысы Арал ауданындағы жолдың 80 пайызы жақсарады.
Былтыр бұл аймақтағы жолдың 64 пайызы талапқа сай еді. Қазір 12 ірі жоба қолға алынып отыр. Республикалық бюджеттен 4,2 миллиард, жергілікті қазынадан 3 миллард теңге бөлінді. Бүгінде теңіз төңірегіндегі кей ауылдардың күре жолдарына алғаш рет асфальт төселіп жатыр.
Арал ауданындағы Қызылжар ауылының кіреберіс жолына 60 жылдан кейін алғаш рет асфальт төселіп жатыр. Бұл елді мекенде 1 мың 700-дей тұрғын бар. Олар осы 15 шақырым аралықты көлікпен 2 сағатта әзер жүріп өтетін едік дейді.
Жомарт Ұзақбаев, Қызылжар ауылының тұрғыны:
- Жол жоқ есеп қой. Көне, төгілген қиыршық тастар, машиналардың барлығы қирады. Жолдағы қиыншылықтарды көрді, әр жерде қалды халық. Бізге сапалы етіп істеп берсе, халықтың ұсынысы сол.
Арал ауданында биыл осындай 12 жоба жүзеге асып жатыр. Оған бюджеттен 7 миллард теңгеден астам қаржы бөлінген. Аудандық маңыздағы 615 шақырым жолдың төрттен бір бөлігі аталған жобалар аясында жөнделеді. Осылайша Аралдағы жақсы жағдайдағы жолдардың көлемін 80 пайызға дейін жеткізу межеленген.
Шерхан Есжанов, Арал аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Жалпы осы жұмыстар барысында 150 шақырымға жуық жолымыз жақсы жағдайға жеткізілетін болады, қанағаттанарлық жағдайға жеткізетін болады. Енді ол жерді асфальтты деп толық айтпаймыз. Себебі бұрын жол болмаған, кәдімгі қара жол деп айтамыз ғой, соны биыл қиыршық тасты етіп жасаймыз, ал қиыршық тасы бар жолдарды асфальттап, екі бағытта жұмыс жүріп жатыр. Орташа жөндеу және құрылыс жұмыстары.
Арал ауданындағы ауылішілік көшелерге де биыл асфальт төселуде. Сексеуіл кенті мен Аманөткел ауылының 10 көшесі тақтайдай тегіс болады, дейді мамандар. Ал Арал қаласындағы барлығы 256 көшенің бүгінде небәрі 79-да ғана асфальт бар. Бұл мәселені шешу үшін биыл аудан орталығындағы 7 көшені, келесі жылы 33 көшені тиісті талапқа сай ету көзделген.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев