Теміртауда салынып жатқан қазандықтың жұмысы кешігуі мүмкін

Қарағанды облысындағы жылу электр станцияларының қыс мезгіліне дайындығы тексерілді.

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр биыл жоспарланған барлық жұмыс уақытылы аяқталуы тиіс екенін ескертті. Бірақ жұмысшы тапшылығынан Теміртау қаласындағы жаңадан салынып жатқан қазандықтың жұмысы мерзімінен кешігуі мүмкін. Қалған үш қазандық пен турбиналы генераторларды жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Бұдан өзге Шахтинск қаласындағы жылу станциясы 75 процентке ескірген. Себебі соңғы 10 жыл бойы мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Биыл станциядағы үш қазандық пен екі турбина қайта қалпына келтіріліп жатыр. Ал Топар кентіндегі электр станциясында күрделі жөндеу жұмыстары тұрақтап қалған. 

Александр Бузо, "ТОПАР" МАЭС операциялық директоры

- Бізде қазір 3-турбинаны ауыстыру бойынша модернизация басталған. Қазір қаржы жетпеуі салдарынан жұмыс тоқтап тұр. Біз зауытта өндірілген электр машиналарының жабдықтарына бақылау жүргізіп, кейбір пайдалануға болмайтын ақауларды анықтадық. Бүгінгі таңда электр машиналары турбинасының элементтерінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кері қайтарылады. Ал, турбинаны айырбастау бойынша аздаған кідірісте тұрмыз.