Қарағанды облысында балалар қауіпсіздігін бақылау күшейеді
Қарағанды облысындағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалардың жаппай улануына қатысты кінәлілерді анықтау үшін, тергеу амалдарын мұқият жүргізу қажет.
Бүгін Премьер-министр Әлихан Смайылов ішкі істер министрлігіне осындай тапсырма берді. Тағы Үкімет басшысы денсаулық сақтау министрлігіне, балаларды барлық қажетті дӘрігерлік көмекпен қамтамасыз етіп, ауруханадан шыққаннан кейін де, олардың жағдайын ерекше бақылауда ұстауды міндеттеді. Сондай-ақ әкімдіктерге интернаттар мен медициналық-әлеуметтік мекемелердегі балалардың қауіпсіздігін бақылауды күшейту тапсырылды. Жалпы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың сөзінше сараптаманың алдын ала қорытындылдары бойынша, балалар тамақтан уланбаған және инфекциялық аурулардың жоқтығы анықталды. Мамандар бұл жағдайға, уытты заттан қатты улану себеп болуы мүмкін деп топшылап отыр. Сараптаманың нақты қорытындысы 1 айдың ішінде дайын болады.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Әлі қандай зат екені белгісіз. Әлі сараптамалар жүргізілуде. Медицина саласындағы аппаратпен қарағанымызда біз оның қандай зат екенін анықтай алмадық. Сондықтан да сот-медициналық экспертизаға, яғни юстиция министрлігінің қарауына жіберілді. Екі бала комада жатыр. Түскеннен бері жағдайлары өте ауыр. Барлық дәрігерлер, әсіресе республиклық деңгейдегі үздік дәрігерлер күн сайын қарап, балаларға көмектесуде.