Рудный қаласының тұрғыны жылыжайда қарасора өсірген
Қостанай облысында Рудный қаласының тұрғыны жылыжайда қарасора өсірген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жедел алдын алу іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері оның ауласынан улы өсімдіктің 65 бұтасын тәркіледі. Қазір күдіктінің қанша қарасора өңдеп, сатып үлгіргендігі тексеріліп жатыр. Одан бөлек, құрамында спирт бар 200 литрлік 3 пластикалық бөшке табылды. 37 бөтелке дайын арақ пен 2 орам жапсырма қағазы да әшкереленді. Осылайша, тұрғын үйін есірткі дайындап, қолдан спирттік ішімдік жасайтын жасырын цехқа айналдырған. Полицейлер тінту кезінде оқ-дәрі мен атыс қаруын да тапты.
Бауыржан Қасымхан, облыстық ПД баспасөз қызметінің маманы:
- Оқиға болған жерді тексеру барысында полицейлер жауынгерлік қару ретінде қайта жасалған сигналдық мылтықты, сондай-ақ 9 мм оқ-дәрілері бар 2 оқ салғышты тапты. Осы деректер бойынша сараптама жүргізілгеннен кейін жекелеген процестік шешімдер шығарылады.