Алматыдағы көпқабатты үйдің ауласы бау-бақшаға айналды
Алматыдағы көпқабатты үйлердің тұрғындары терезелерінің тұсына бау-бақша өсіріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әуелі бақтан қияр, қызанақ, көк шөптер, жеміс ағаштары мен гүлдерді көруге болады. Бақша салып, ағаш баптау жақсы дәстүрге айналып келеді, - дейді тұрғындар. Қаланың ортасында отырып, бақшасынан өнім алған алматылықтармен біздің түсіру тобымыз кездесіп қайтты.
Людмила Сальникованың жасы 83-те. Бау-бақша өсіруді жарты ғасыр бұрын қолға алыпты. Алғашында аумақты қоршап, көпжылдық гүлдер, жеміс отырғызады. Ал қазір оның бақшасында қызанақ пен қияр, тәтті бұрыш пен көкөністер жетіліп тұр. Бақшасында піскен көкөністен зейнеткер жыл сайын тосап қайнатып, қыс мезгіліне қажетті салаттар дайындайды.
Людмила Сальникова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Қиярдан бірнеше банка жаптым. Бірақ биыл таңқурайдың өнімі аз. Жылда құрбыларыма да беретін едім. Өзіме де жететін. Биыл өте аз.
Алматылықтар «ұшқыштар қалашығы» деп атап кеткен бұл шағын ауданда авиация ардагерлері тұрады. Олар үшін бау-бақша өсіру – белсенді қимыл-қозғалыстың себепкері. Сондықтан қызанақ, кәді, таңқурай жайқалған бақшаны бұл ауданнан көптеп кездестіруге болады. Көз тартар сәндік өсімдіктер мен гүлдер де жайқалып тұр.
Евгения Лейман, Алматы қаласының тұрғыны:
- Біздің ауданда екінің бірі гүл егумен айналысады. Мүмкін ата-аналарынан қалған жақсы дәстүр шығар. Ал алдыңғы буын зейнеткерлер бұрынғыша қиыр, қызанақ егеді. Әрі ермек, әрі өз қолыңмен өсірген өнім.
Бау-бақшаның сәні – түрлі мүсіндер. Аң-құстың пішінімен безендірілген Лилия Рыжованың гүлзары ерекше көз тартады. Жанынан өткендер, тоқтап, суретке түсуден жалықпайды.
Лилия Рыжова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Гүлзарды көрген үлкен де, кіші де келіп, қызығып, сұрап жатады. Балаларға жақынырақ барып, аңдармен суретке түсуге рұқсат етемін. Бұл – менің балалық шағымнан қалған жақсы естелік.
Жақсы іс бас біріктіреді. Ахметов көшесінің әр тұрғыны гүлзарлар мен бау-бақшаны көздерінің қарашығындай қорғап, уақыт бөліп, өз үлестерін қосып тұрады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов.