Түлкібас ауданындағы ішкі жолдар жақсартылады
Биыл Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы ішкі жолдардың 87 пайызы жақсарады.
Оған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы мен, аудандық бюджеттен 570 миллион теңге бөлініп отыр. Қазір өңірдегі бірнеше ауылдың ішкі көшелеріне асфальт төселіп жатыр.
Түлкібас ауданындағы Азаттық ауылында 3 мыңнан астам тұрғын бар. Елді мекеннің ішкі көшелерінде асфальт ешқашан болмаған. Сондықтан тұрғындар көктемде батпақ, жазда шаң боп жататынын айтады. «Әсіресе, мектепке жеткенше балаларымыздың балағы мен аяқ-киімінен сау-тамтық қалмайтын еді», - дейді.
Лаура Байжанова, Азаттық ауылының тұрғыны:
- Бұл көшеде бұрын ешқандай асфальт болмаған еді. Тас төселген көше болатын. Шаңы шығып жататын. Міне биыл асфальт төселіп жатыр. Балаларымыз мектепке таза жолмен баратын болды. Аяғымыз былғанбайтын болды. Қуанышымызда шек жоқ.
Сұлтанәлі Ералиев, Азаттық ауылының тұрғыны:
- 30 жылдан бері күткен асфальтіміз енді келді. Аллаға шүкір. Жаман емес, бұдан кейін де жаман болмайды деп ойлаймын. Әйтеуір біздің батамызды алып, жолымызды дұрыстап істеп берсе болды. Рахмет.
Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында аудандағы асфальт жабындысы төселмеген Азаттық пен Майтөбе ауылдарындағы ұзындығы 32 шақырымнан асатын 48 көше орташа жөндеуден өтеді. Оның 28-і Азаттық ауылына, ал 20 көшесі Майтөбе ауылына тиесілі. Оған республикалық қазынадан 430 млн теңге, ал аудандық бюджеттен 140 млн теңге қаралған.
Нұриддин Ештаев, Түлкібас аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- 7,8 шақырымды құрайды қазіргі өзіміздің бюджеттен, ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 24 шақырымды құрайды. Қыркүйек айының соңына дейін жұмысты толығымен тапсырсақ деп отырмыз. Бұдан бөлек, қазір 6 елді мекенде көшелерге қаражаты қаралып қойған. Қазір мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жылдың соңына дейін толығымен біткен жағдайда біздің ішкі көшелеріміз 87,7 пайызға жақсаратын болады.
Мамандардың айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен келер жылы аудандағы тағы екі елді мекеннің ішкі көшелері толық орташа жөндеуден өтеді деп жоспарланған. Биыл Түркістан облысы бойынша жол жөндеу жұмыстарына 41,1 млрд теңге бөлінген. Оған 1521 шақырым жол төселіп, 587 нысан пайдалануға берілмек.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов