Елде автокөлікті уақытша тіркеу мерзімі ұзарды

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен былтырғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген көліктерді 5 жыл ішінде заңдастыруға болады.

Бірақ ол үшін қазір уақытша тіркеуге қою керек. Сондай-ақ, бұрын заңдастыруға құжаты тапсырылғанымен, өтініші кері қайтарылған көліктер де осы шараның шарапатын көре алады. Бүгінге дейін 9 мыңнан астам темір тұлпар уақытша тіркеуге алынды.

Қорғалжындық Аиданың ресейлік тіркеуде тұрған темір тұлпарды мініп жүргеніне екі жылға жуықтады. Алайда, ауыл арасында аяқ артуға алған бұл көлікті заңдастыру қиын болып тұр. Бойжеткен былтырдан бері көліктің көрші елдегі қожайынын іздестіруде. 1 шілдеде заңдастыруға берілген мерзім аяқталды. Дегенмен, бүгін Аида көлігін бес жыл уақытша тіркеуге қойып, іздеуді жалғастырмақ.

Аида Таксимова, Қорғалжын ауданының тұрғыны:

- Мен өзі Қорғалжын ауданынан Астанаға келгенше дейін мені жолда екі рет, үш рет тоқтатқан жағдайлар болды. Өйткені, жаңағы номерді қарайды, планшеттерінен номерді қарайды да, жаңағы сұрақ қояды: легализация неге өтпей жатырсың, себебі не? Өйткені, жүргізбейді, заң шықты, легализация өту керек. Ол болмаса, машинаны запчастьтармен сатасың немесе жүрмейсің. Заңға бәріміз бағынамыз.

Өзгеріс Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен былтыр 1 қыркүйекке дейін әкелінген көліктерге қатысты. Бес жылға дейін уақытша тіркеуге болады. Мамандардың айтуынша, тіркеу мерзімін ұзартудың бірнеше себебі бар. Кейде көліктің иесін табу мүмкін емес, кейде қаржылық ұйымда кепілде тұрады. Мәселе түрлі деңгейде бірнеше мәрте көтерілді. 

Мағжан Искаков, ҚР ҚМ мемлекеттік кірістер комитеті саудалық емес айналым басқармасының басшысы:

- Қазақстан азаматы Ресейге барып, регистрациядан шешейін десе, МВД оларға, жаңағы Ресей Федерациясының айтады: «сізде арестте тұр немесе залогта тұр, оны төленгеннен кейін шеше аласыз» деп. Одан кейін жаңағы біздің Қазақстан азаматы бірінші хозяинға барып жүгінеді. Сол кісілер, мынандай ситуациялар болып жатыр, кейде айтады: «менің арестімді немесе залогымды төлеп бер, мен саған, жаңағы шешіп беремін, –  деп автокөлігімді».

1 шілдеге дейін заңдастыруға құжаты тапсырылғанымен, заңдастырылмаған көліктер де уақытша тіркеуге қойылады. Қазақстандағы қожайыны осы мерзімде құжатын реттеуі тиіс. Бұл уақытта көлік шекарадан аспайды. Егер, мәселе шешілмесе, бес жылдан кейін ел аумағынан шығарылады.

Алтынбек Жамалиев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасы бастығының орынбасары:

- Аталған проблеманы шешу барысында министрлік басқа да органдармен бірлесіп, аталған көліктерді уақытша тіркеуге қоюға бел буды. Аталған норма 17 шілдедеден бастап өз күшіне енді. 17 шілдеден бастап бүгінгі таңға дейін біз 9 мыңнан астам көлік құралын уақытша есепке қойдық. Оның ішінде, 18 мың көлік құралы нақты қазақстандық есепке тұрды. Соның ішінде 16 мыңнан астам автоконструкторлар тіркелді.

Тіркелген көліктердің басым бөлігі Ресей мен Армениядан әкелінген. Сондай-ақ, бүгінде былтырғы 1 қыркүйектен кейін жеткізілген көліктерге де қатысты мәселе туындап жатыр.

Алтынбек Жамалиев, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасы бастығының орынбасары:

- 1 қыркүйектен кейін келген көлік құралдары бүгінгі таңда қарастырылып жатқан жоқ тіркеу бойынша. Өйткені, ол азаматтардың көбісі енді көлік құралдарының тіркеуге жатпайтындығы туралы ескертілген болатын. Және де 1 қыркүйектен кейін әкелінген көлік құралдарына жалпы ереже бойынша, әрине, көлік құралдарын тіркеуге болады. Бұл, енді, утилизациялық алым төлеуі керек, бастапқы тіркеуді төлеу керек. Яғни, егер де, көлік құралыңыз тіркелмеген жағдайда сіз тек қана жол жүру ережесіне қатыса алмайсыз.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, 1 қыркүйектен бері ел аумағына енген көліктердің барлығы сайман ретінде кіргізілген. Ол көліктер «автоконструктор» ретінде тіркеуге қойылады. Бірақ, ел аумағынан шығуға немесе басқа адамға сатуға рұқсат жоқ.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Асхат Қарақойшиев