Е. Қарин қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия отырысын өткізді
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның отырысын өткізді.
Жиында Мемлекеттік комиссияның ғылыми және баспа қызметінің нәтижелері қаралды, архивтердегі зерттеулерден жиналған материалдар зерделенді, электрондық порталдың жұмысы туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ өңірлік комиссиялардың жұмысы туралы есеп тыңдалып, олардың ғылыми жинақтарын дайындау жөніндегі жобалардың іске асырылу барысы қаралды. Жиында Мемлекеттік комиссия мүшелері архивтерде жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында табылған, жазушы әрі ақын Жүсіпбек Аймауытов жазды делінген «Әзір өлмеймін» шығармасын таныстырды. Ол Президент Архивінің ғылыми-іздестіру жұмыстары кезінде табылған болатын. Аталған шығарманы филологтар мен әдебиеттанушылар тағы да зерттейтін болады. Отырыс қорытындысы бойынша ғылыми-зерттеу қызметін жалғастырып, өңірлік комиссиялар жинаған мәліметтерді шығаруды жүйелендіру және жабық қорлардың материалдарын цифрландыру мен құпиясыздандыру жөніндегі жұмысты қамтамасыз етуге бағытталған тапсырма берілді.