Алматыда жолақы қымбаттайды
Алматыда 21 тамыздан бастап жолақысы қымбаттайды.
Жаңа тариф қалалық мәслихаттың 7-ші сессиясында бекітілді. Енді арнайы карта, QR-код немесе SMS-хабарлама арқылы төлейтіндер үшін жолақысы бұрынғыдай 80 теңге емес, 100 теңге болады. Ал қолма-қол төлесеңіз - 200 теңге. Әкімдік өкілдері мегаполисте жол жүру құны тасымалдаушылар шығындарының өсуіне қарамастан 11 жылдан астам уақыт бойы өзгеріссіз болғанын алға тартады. Тіпті, соңғы 3 жылда бюджеттен тасымалдаушылардың шығынын өтеуге субсидия түрінде 115 миллиард теңге жұмсалыпты. Мамандар жолаушылардың басым бөлігі үшін билет бағасы 20 теңгеге ғана қымбаттайтынын айтады. Себебі, қоғамдық көлікпен қатынайтындардың 97 проценті қолма-қол ақшасыз тәсілді қолданады. «Жаңа тариф биыл бөлінетін субсидия мөлшерін 10 миллиард теңгеге азайтуға мүмкіндік береді. Ол қаражатты басқа да әлеуметтік маңызы бар жобаларға қайта бөлуге болады», -дейді әкімдік өкілдері.