Қызылорда облысында әлеуметтік осал отбасыларға 1000 пәтер үлестіру жоспарланды

Қызылорда облысында әлеуметтік осал отбасыларға мың пәтер үлестіру жоспарланып отыр.

Ол үшін ұлттық қордан 9,6 миллард теңге бөлінген. Бұл үйлер жеке инвесторлар есебінен салынып, кейін мемлекет сатып алады. Осылайша тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға беріледі. Бүгінде Жаңақорған ауданынан бой көтеріп жатырған баспаналардың құрылысы аяқталуға жақын.

Жаңақорған ауданынан салынып жатқан 50 пәтерлі 25 тұрғын үйдің құрылысы 70 пайызға аяқталған. Бөлмелердің ішін әрлеп, коммуналдық жүйелерін тарту жұмыстары қалды,-дейді құрылысшылар. 

Даниял Досантаев, құрылыс компаниясының өкілі:

- Бір пәтер 9 миллион 500 мың теңге. Өте сапалы істейтін ұсталармен арзан бағада келісу арқылы, сосын бір үй емес, үлкен суммада алатын болғаннан кейін, өте көтерме бағамен берілетін жерлерден алып, сол жағынан ғана плюске шығып жатырмыз. Былайынша қазіргі нарықтағы бағамен мұндай үй салып беру қолайсыз. Мемлекетке тиімді түседі, арзан болады. 

Бұл баспаналар дайын болғаннан кейін ұлттық қордан бөлінген 495 миллион теңгеге сатып алынып, мұқтаж жандарға үлестіріледі. Бүгінде Жаңақорғанда 1393 адам тұрғын үй кезегіне тіркелген. 

 Мұрат Тлеумбетов, Жаңақорған ауданының әкімі:

- Негізі әр үйге 69 квадраттан аспайды. 6 жылдан бері мұндай үйлер кезекте тұрғандарға берілмеген. Жер телімі таратылғанмен, кезекте тұрған үйлер берілмеген. Сондықтан биыл осы 50 үйді таратамыз. 

Мұндай үйлерді облыстың барлық аудандары мен Қызылорда қаласында салу жоспарланған. Ол үшін республикалық бюджеттен 9,6 миллиард теңге бөлінді. Қомақты қаржыға мың пәтер сатып алынып, әлеуметтік осал отбасыларға беріледі. Ал Жаңақорған ауданындағы 50 пәтердің кілтін қазан айында табыстау көзделіп отыр, дейді мамандар.

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев