Ғалымдар Азиядағы сейсмикалық қауіпсіздік мәселесін талқылауда

Алып қалалардағы ғимаратардың зілзала мен айтып келмейтін өзге де табиғи апаттарға төзімділігі қаншалықты болуы қажет?

Құрылыс нысандарына инженерлік-техникалық сараптама қалай жүргізіледі? Жер асты кеңістігін игеру, құрылыс мамандарын даярлауда қандай ілгерілеу байқалады? Осы төңіректегі кең ауқымды мәселелер Астанада басталған Азия аймақтық конференцияда талқыланып жатыр. Әлемнің 90 елінің ғалымдары мен мамандары құрылыс пен геотехникалық қауіпсіздік тақырыбын ортаға салуда. Қатысушылар қатарында Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапур, Түркия, Үндістан елдерінің құрылыс саласының көшбасшылары бар. Төрт күнге жалғасатын шарада мамандар құрылыста ақылды технологияларды қолдану тәжірибелерімен де бөліседі. Конференцияның қорытындысы бойынша сарапшылар Азия елдерінде инфрақұрылымды дамыту бойынша практикалық ұсынымдар әзірлеп шығарады.

Асқар Жүсіпбеков, Қазақстан геотехникалық қауымдастығының президенті:

- Біздің Қазақстанның топырақ қыртысы күрделі. Мәселен, Каспий аумағында ол әлсіз болса, Оңтүстік Қазақстандағы аумақ сейсмикалық саналады. Орталық Қазақстанда да жер бедерінің қозғалуына әсер ететін проблемалық аумақтар бар. Жақында ғана Түркия мен Сириядағы үлкен мәселені көрдік. Ондағы жер сілкінісі еліміздің оңтүстік бөлігіне әсер етуі мүмкін. Осы проблемаларды талқылау үшін Азияның 26 мемлекетінің ғалымдарын шақырып отырмыз.