Ақтөбе облысындағы Еңбекші ауылына газ бен су қашан келеді?
Ақтөбе облысында Еңбекші ауылының тұрғындары алдағы қыста үйлерін газбен жылытады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жергілікті билік 2 айдың ішінде елді мекенге көгілдір отын құбырын тартып береміз деп уәде берді.
Айта кетейік, ауылға газ желісі былтыр тартыла бастаған еді. Алайда жұмыс соңына жетпей, тоқтап қалған. Елді мекенде 100-ден астам үй мен балабақша, мектеп, клуб және медициналық пункт бар. Жауаптылар мердігердің жақында жұмысты қайта бастайтынын айтады. Бірер күнде қажетті материалдар жеткізіледі деп отыр.
Нұртай Сертаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазан айында іске қосу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда мердігер мекемемен 5,2 шақырым газ құбыры тартылған болатын. Ақтау қаласынан тағы 2 шақырым келуде және Ақтөбеден 3 шақырым газ құбыры тасымалдау жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда ауылішілік газ құбыры жұмыстары жалғасын тауып жатыр. Бізде Еңбекші ауылы қамтылатын болады және Алтықарасу ауылы қамтылатын болады.
Сайын Боранқұлов, Еңбекші аулының тұрғыны:
- Судың да иесінен бір адам жоқ, газдың да иесінен бір адам жоқ. Бір айға жуық уақыт болды, қозғалыссыз тұрмыз қазіргі таңда. Енді бізде амал жоқ, осы шағымымызды шарасын алып, соған бір нүкте қоятындай мүмкіндік жасаса екен дейміз. Біз басқа артық ештеңе талап етпейміз.