Қостанайдағы Allur автозауытында отбасылық экскурcия ұйымдастырылды

Қостанайдағы Allur автозауытында алғашқы рет кәсіпорын қызметкерлерінің туыс-туғандары үшін экскурcия ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемдік бренд көліктерін құрастыратын өндіріс алаңдарын жақындарымызға көрсетсек деген өтініш көптен айтылып жүр екен. Соған байланысты «Біздің мақтанышымыз» деген жоба шеңберінде отбасы экскурсиясының алғашқы тобы зауыт қабырғасында болды.

Ұстаздық қызмет атқаратын Серікжан Исамиловтың жұбайы автозауытта жұмыс істейді. Мұнда түрлі көліктер құрастырылатындығын ол естіп жүргенімен, ішіне кіріп көрмепті. Сондықтан зауыт өндірісімен жақын танысу ұсынысын қуана қабылдаған.

Серікжан Исмаилов, Қостанай қаласының тұрғыны: 

- Мен мұнда көптеген цех бойынша өз көзімен көрдім, қалай мұнда өндіріс негізі салынған. Сондықтан бәрі де мұнда өте жақсы. Өте мұнда көптеген жас жұмыс істеп жатыр.

13 жасар Максим Боярчуктың арманы – Кіа машинасын қалай жинайтындығын көру. Осындай өтінішпен анасына талай рет қолқа салыпты. Соның бүгін сәті түсіп, Максим мақсатына жетті.

Максим Боярчук, Қостанай қаласының тұрғыны:

- Осы зауытта болу көптен бергі арманым еді. Бұл Қазақстанда машина жасайтын ірі өндіріс орындарының бірі. Мен жаңа Kia Sportage көлігін қалай дәнекерлеп, құрастыратындығын көрдім. Тамаша, керемет. Осындай зауытта жұмыс істейтін анамды мақтан етем.

«Мың естігеннен бір көрген артық» дейді ғой, туыс-туғандарының автоөндіріс технологиясымен жақын танысқандарына мұндағы қызметкерлер де дән риза.

Жанат Баймұхамбетов, «Kia» құрастыру учаскесінің шебері:

- Көлік өндірісі туралы үйде көп айтам. Жолда өзіміз шығарған машиналарды көріп қалсам, көзіме оттай басылады. Бүгін соның бәрін жұбайым көзбен көріп, қолмен ұстап, таңғалып жатыр.

Отбасылық экскурсияның алғашқы тобында 30-дан астам адам болды. Олар дәнекерлеу, бояу, құрастыру цехтарын аралап көрді. Ал жалпы зауыт өндірісімен жақын танысуға өтініш білдіргендер аз емес.

Елена Завьялова, «Аllur» зауытының басқарушы директоры:

- Осы жоба туралы хабарлама жіберілгенде 300-ден астам отбасы оған қатысуға тілек білдірді. Қазір бізде наурыз айына дейін кезек құрылған. Қызметкерлеріміздің отбасы, балалар ғана емес, ерексектердің өзі қызығушылық танытып жатқандығы бізді қуантты.

Әзірге тек 14 жастан жоғары отбасы мүшелеріне зауыт ішінде экскурсияға қатысуға рұқсат беріліп отыр. Алдағы уақытта шектеуді 4 жасқа дейін төмендетуі мүмкін. Сол үшін «Жас машина жасаушы» деген жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.