Абай облысындағы туристік нысандарға апаратын жолдарға асфалть төселіп жатыр
Өңірдегі демалушылар ең көп келетін орынның бірі - Қоңыр әулие үңгірі.
Биыл киелі мекенге бастайтын жолдың 50 шақырымға жуығы жаңартылмақ. Абай ауданындағы Құнанбай қорымына апарар 21 шақырым жолда да құрылыс қарқынды. Қазір мұнда Семейдегі тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде Құнанбай музейі жұмыс істеп тұр.
Айта кетейік, биыл аймақтағы күре жолдарды жаңғыртуға 25 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Тасболат Битенов, Қарауыл ауылының тұрғыны:
- Кішкене жолдың қиындығына байланысты көбі келе алмай, бір-біріне жолы қиын деп айтатын. Ал қазір биылғы жылы жол салынып жатқаннан кейін бе туристер өте көп. Қазір тоқтаусыз күндіз түні Ресейден, кейбір шет елден Германиядан келген туристерді көрдік. Сондықтан бұл халыққа өте бір жақсы.
Асылбек Нұғманов, Абай облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Ағымдағы жылы «Семей-Қарауыл», «Семей-Қайнар» тас жолының орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы ұзындығы 44 шақырым. 3 мердігер. Осы жұмыстар мамыр айында басталды, қыркүйек айына дейін бітеді деп жоспарлап отырмыз.