Алматының таулы аймақтарында сел қаупі сақталуда
Шілденің шіліңгір ыстығының беті қайтты.
Десек те, Алматының таулы аймақтарында сел қаупі сақталуда. Жоғары температурадан мұздықтар еріп, су көлемі көтерілген. Жауын-шашын да су тасқыны қаупін екі еселеп отыр. Қазір таудағы қауіпті деген мореналық көлдер «Қазселденқорғау» мекемесі мамандарының жіті бақылауында.
Соңғы 60 жылда Іле Алатауындағы мұздықтар 42 процентке азайған. «Бұл жаһандық жылынудың салдары», - дейді мамандар. Мұздықтар қарқынды еріп, мореналық көлдер көбейген. Тау басындағы көлдер сел қаупін арттырып отыр.
Қайрат Бекенов, ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» мекемесінің басшысы:
- Дәл қазір селдің кезеңі. Шілде және тамыз айы. Алматы қаласын алатын болсақ, бізде 51 морендік көлдер тіркелген. Және солардың 13-і аса қауіпті. Сифондық ағыстар техникалар арқылы каналдар жүргізіп, судың көлемін азайтып жатырмыз.
Сел қаупінің артуына таулы аймақтардағы жауын шашын да себеп болып отыр. Жақында, 21 шілдеде Іле Алатауының тауларында толассыз жауған жаңбырдың салдарынан бірнеше сел жүріп өткен. Кейбір жерлерде жауын-шашын көлемі 70 миллиметрден асты. «Әдетте 30 миллиметрден асса бұл аса қауіпті жаңбыр болып есептеледі», - дейді мамандар. Абырой болғанда, алдын ала болжамдар негізінде бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізіліп, мамандар жағдайды күндіз-түні бақылады.
Қайрат Бекенов, ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» мекемесінің басшысы:
- Барлық жұмыстарымыз тек примитивтік түрде ғана емес, ғылыми тұрғыдан қарап, алдын ала болжап, нақты жұмыстар жүргізу. Аюсай бөгетінде осы кешегі күні 21 шілдеде үлкен көлемде су тасқыны болды. Бұл бөгет қазіргі таңда ең алдыңғы суды қорғап, ұстап тұрды. Бұл плотинаның астын қарайтын болсақ, 500 мыңнан астам халық тұрады бұл жерде. Сондықтан мұндай инженерлік инфрақұрылым аса қажетті.
Николай Попов «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ бас ғылыми қызметкері:
- Мұндай инженерлік жүйелер әлемнің ешбір жерінде жоқ. Бөгеттер, сел жолдары, тұндырғыштар барлығы бізде жұмыс істеп тұр. Алматы, Талғар, Ақсай, Ұзынқарғалы, Түрген сияқты ірі елдімекендерді селден қорғауға мүмкіндік бар.
Қазір Ақсай өзенінің жоғарғы жағында таулы аймақта үлкен бөгет салынуда. Оны келесі жылы іске қосу жоспарланып отыр. Бұл бөгет Қарасай ауданы мен Алматы қаласын су тасқынынан қорғайды.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев