Өскеменде әлеуметтік аз қамтылған бірнеше отбасы балалар алаңына мұқтаж

Өскеменде  көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған бірнеше отбасы балалар алаңына мұқтаж.

Тұрғындарға 9 қабатты баспана құрылысы басталар кезде, жоба бойынша 95 миллион теңгеге ойын алаңы салынады деп таныстырылған. Алайда іс жүзінде жалғыз әткеншек пен сырғанақтан басқа түк жоқ. Тіпті күннің ыстығында паналайтын жер де таппайсың, дейді мұндағы жұрт.

Әл-Фараби көшесіндегі мына үй 108 пәтерлі. Әрбірінде шамамен 3-4 бала бар. Ал ойнайтындары бір әткеншек,бір сырғанақ, бір карусель. Еріксіз кезектеседі, кейде таласып төбелеседі дейді ата-аналар.Тұрғындарға, үйдің ауласын абаттандыруға 95 миллион теңге жұмсалды деп есеп беріліпті.

Алуа Қаламқанова, үй тұрғыны:

- 95 миллион теңге бөлінген абаттандыруға, бізде сұрақ сол 95 миллион теңгенің ауласы осы ма, бір качеля бір горка жан-жақта мусор мына двор өздеріңіз көріп тұрсыздар 95 миллион теңге тұрмақ, 9 миллионға да татымайды ғой.

«Әсіресе жарымжан балаларға обал», - дейді ата-аналар. Өйткені бұл үйде 30 шақты мүгедек бала тұрады. Арбаға таңылғандары көп.Аулаға шықса шақшиған күн табына шыдамай мазалары қашады екен. Үй белсенділері жиналып жақында қала әкімдігіне тағы барыпты,жауап қысқа болған.

Сәния Ауғамбаева, үй тұрғыны:

- Қала әкімінің орынбасарына кірдік.Ол кісінің айтқан жауабы-бізге балаларыңыз жақсы дворда ойнағысы келсе, қымбатырақ үй алуларың керек еді, деп айтты сол.

Бар мәселе халыққа мән-жайдың дұрыс түсіндірілмеуінде болып шықты. Жоқтап отырған 95 миллион теңге тек ауланы абаттандыруға ғана емес, инфрақұрылым  желісін тартуға да жұмсалыпты.Ол құжатқа сай жүргізілген шара екен.

Мадияр Абылханов, құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Сіз айтып отырған 95 миллион теңге ол бүкіл ауланы абаттандыру, инженерлік желілерді тарту жұыстарына арналған, су желілерін, ыстық су желілерін, электр және кәріз желісі салынды және де осы айтылған ақша ішінде 3400 шаршы метр асфальт жабын, 1400 шаршы метр бурсчатка бар. Сол жұмыстардың барлығын алып келгенде осы қаражат жұмсалды.

Балаларға бұны түсіндіріп көріңіз. 10 жастағы  Ералы допқа құмар.Болашақта футболшы болам дейді.Бірақ көсіліп доп қуа алмайды.

Ералы Қайрат, мектеп оқушысы:

- Поле құрастыру керек футбольный сап беріңіздерші бізге біз сұрап отырмыз ғой, енді армандап жүрміз тура.

Бала арманын орындау үшін бір ғана амал қалды.Үй тұрғындары ауланы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы, жөнделетін аулалар тізіміне енгізу керек. Биыл осы әдіспен шаһарда 30 үйдің ауласы жаңартылып жатыр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов