Шымкент қалалық Полиция департаментінде кадр тапшы

Шымкент қалалық Полиция департаментінде маман тапшылығы сезіле бастады.

Ведомство өкілдерінің айтуынша білікті азаматтарды штаттық қызметке тартуға бос жұмыс орындары жетіспейді. Салдарынан жедел басқару орталығына қосылған 11 мыңнан аса бейнекамераны жіті назарда ұстау қиындаған. Себебі жауапты міндетті небәрі 8 полицей атқаруда. Ал биыл шалғай елді мекендерге тағы 1,5 мың бейнебақылау құрылғысы орнатылмақ. Құзырлы орган өкілдері өзекті мәселені Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжмединұлына жеткізді. Аймаққа жұмыс сапарымен барған халық қалаулысы бейнекамералардың техникалық мүмкіндігі толық пайдаланылмай отырғанын алға тартты. Себебі қоғамдық тәртіпті күзетуде кемшілік көп. Мәжіліс депутаты заңсыз автотұрақтарды жоюды ұсынып, жол апатының алдын-алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Болатбек Нажметдинұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осы қаланың тұрғыны болғаннан кейін мен күнде осы мәселелерді көріп отырғаннан кейін жүйелі түрде болып жатқан мәселелерді көтердім. Бірінші міндет полицияныкі. Полицияға арнайы осындай жүйе құрылып берілген. Мен ойлаймын осы полиция өзінің алдына қойған мақсатын толық орындамай жатыр деп. ІІМ арнайы осы бойынша өзімнің хатымды жолдаймын.

Асқар Әлімбаев, қалалық ПД жедел басқару орталығының бастығы:
- Күніне осы жедел басқару орталығының қызметкерлерімен бейнебақылау камералары арқылы 200-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, хаттама толтырылады. 100% міндетті түрде және штат бергеннен кейін ғимаратты да үлкейту керек. Себебі қала үлкейіп жатыр, халық көбейіп жатыр.