Ақтөбеде қоқыс полигонын көму жұмыстары басталды
Соңғы жылдары жиі өртеніп, тұрғындардың берекесін қашырған еді.
Ауданы 42 гектар болатын жерге газ шығаратын 160 құбыр орнатылады. Бұл органикалық қалдықтардан түзелетін метан газының қауіпсіз таралуы үшін қажет. 2007-ші жылдан бері қала қоқысы тасталып келген полигон толып кеткен. Мердігер мекеме басшысы тау боп үйілген қоқысты көму үшін шамамен 200 мың тонна топырақ тасу керек деп отыр. Оның орнына аумағы 18 гектар болатын тұрмыстық қалдық қабылдайтын жаңа алаң әзірленді.
Александр Лисицкий, мердігер мекеме өкілі:
- Қазір 25 жүк көлігі топырақ тасып жүр. Бұдан бөлек экскаватор мен бульдозер сияқты қосымша 14 техника бар. Қоқыс беті түгел тегістелгеннен кейін газ шығару құбырларының ұяшықтары құйылады. Қыркүйек айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.