Жол сапасы сын көтермейді

Еліміздегі сапасы нашар жолдардың бірі Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын бағытында.

15 жылдан астам уақыт бұрын төселген асфальт жабындысы әбден ескіріп, шұрық-тесік болған. Жүргізушілер халықаралық маңызы бар күре жолдың мұндай жағдайда болғанына наразы. Себебі дәл осы жол Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық дәлізінің бір бөлігі. Жолға жауапты мекеме өкілдері жылда жамап-жасқап амалдап келеді.

Тәулігіне шамамен 16 мың автомобиль. Оның ішінде 70 проценті жүк көліктері бұл жолмен жүйткіп өтеді. Ресей шекарасынан еліміздің оңтүстігімен, Қостанай арқылы Астанаға бет алғандардың бағыты осы. Қазақстанның батыс аймағындағы қақпасы деуге келеді. Бірақ дәліздің дәл мұндай жағдайға жеткеніне жүргізушілер наразы.

Асланбек Орынов, жүргізуші:
- Ұзақ жүреміз ғой қазір жолдың нашарлығынан. Мына жерді істеді қазір. Бірақ арғы жағы нашар. Хромтаудан кейін. Нашарлап жатыр жол.

Биыл тек шұқырларын бітеу үшін ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Облыс орталығы мен Хромтау қаласы, Бөгетсай ауылы аралары жөнге келтірілген. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген. Оның өзі түгел жамап-жасқауға аздық етіп отыр.  

Айбол Данағұл, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы директоры:
- Нашар жерлерге, учаскелерге қосымша республикалық бюджеттен 1 млрд 200 млн теңге ақша бөлініп жатыр. Оның 300 млн-ы биылғы жылға. Қалған 900 млн-ы келесі жылға орындайтын болады. Мердігер мекеме анықтау үшін конкурс жарияланып, осы айдың аяғына дейін мердігер анықталып, біздер қалған 300 млн-ға жаңа афальт саламыз.

Қазір құзырлы мекеме мамандары күрделі жөндеуге жобалық сметалық құжаттар әзірлеуге кіріскен. 262 шақырым жолдың алғашқы екі бөлігі, яғни 56 шақырымын жаңалауға алдағы жылы кірісуі тиіс.

Айбол Данағұл, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы директоры:
- Қалған учаскелерде де жұмыстар жүріп жатыр. Дайын болған уақытта 2024 жылы біздер мемелкеттік сараптамаға кіреміз деп жоспарлап отырмыз. Барлығы 262 шақырымға нақты құны мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынғаннан кейін белгілі болады. Бірақ жобамен есептеп отырғанымыздай 500 млрд-тың үстінде қаражат қажет.

Жоба бойынша Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын бағытындағы жол бірінші категориялы, 4 жолақты болады. Тәулігіне шамамен 40 мың автокөлікке есептелген. Сонда ғана халықаралық дәліз атауына сай келмек.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков