Маңғыстау өңіріне «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы барды

Кеше Болашақ елді мекеніне аялдап, тұрғындарға 22 дәрігер қызмет көрсетті.

Бүгін-ертең Жетібай мен Мұнайшы ауылында, содан соң Маңғыстау ауданында қабылдау жүргізеді. Арнайы пойыз 8 вагоннан тұрады. Төртеуі қан құрамын талдау зертханасы, көз-құлақ және ағзадағы сырқат белгілерін анықтайтын заманауи құралдармен жабдықталған. Пойыз 26 сәуірде Алматы-2 теміржол станциясынан шықты. 6 желтоқсанға дейін 121 елді мекенге барады. Бүгінге дейін 37 мыңға жуық адамға медициналық қызмет көрсетілген. Соның 15%-і балалар. Биылғы ерекшелік, ақ халатты мамандар тобына заңгер-медиаторлар қосылды. Олар халыққа тегін құқықтық көмек көрсетіп жатыр. 

Айнұр Еділбаева, "Саламатты Қазақстан" пойызының бас дәрігері:

- Егер нақты диагнозын көріп тұрсақ, біздің дәрігерлер емін де жазып береді. Науқас әрі қарай бақылауда керек болуы керек болса, жергілікті облыс-аудандық болсын өздерінің дәрігерлеріне сол науқас жайлы ақпаратты жібереміз. Үлкен станция болса 2 күн, кішкентай станцияда 1 күн тұрамыз. 

Ермек Медеубаев, медиатор:

- Жұмыссыздық ретінде халықтың әлеуметтік жәрдемақы алуы, отбасылық қарым-қатынас туралы сұрақтары өте көп. Алименттік төлемдерді заңды түрде қалай өндіру жолдарын сұрайды кісілер. Және де жеке мүлікті заңдастыруға қатысты сұрақтар да бар. Сол дауларды реттеуге өзіміздің көмегімізді тигіземіз.