Қазақстандық немістер қазақ жерін қимастықпен еске алады

Әр елдің сыртқы қарым-қатынасында алдымен экономикалық сала басым тұратыны белгілі.

Ал Қазақстан мен Германия арасындағы байланыс адами капиталмен құнды. Бүгінде бұл елде жарты миллионға жуық қазақстандық неміс өмір сүреді. Тарихи отанына қоныс аударғанына қарамастан, бәрі әлі күнге дейін қазақ жерін сағынатындарын жасырмайды.

Алексей Шрайнер Қазақстанда туып өскен. Жастайынан атқа жайдақ мініп, асықтай ширақ боп ержетеді. Бірақ 1999 жылы оның отбасы тарихи отанына оралуға бел буады. Содан бері қанша уақыт өтсе де, кіндік қаны тамған Қазақстан бір сәтке есінен кетпеген. Балалық шағы өткен Көкшетауды қатты сағынғанын айтады.

Алексей Шрайнер, Ars Pro Dono галереясының негізін құрушы:
- Мен 21 жасыма дейін Қазақстанда өмір сүрдім. Көкшетауда білім алдым. Әлі күнге дейін кең даланың иісі есімнен кетпейді. Арада қанша уақыт өтсе де, көз алдыма алғашқы үйіміз елестейді. Тіпті түсіме де кіреді. Бала кезде әке-шешем Қарқаралыға жиі жіберетін. Сол кезде көкем алғаш рет атқа мінгізген еді.  

Бүгінде Алексей табысты кәсіпкер. Галереяның иесі. Осыдан 20 жыл бұрын жиған-тергенінің бәрін соған жұмсап, енді жемісін көріп отыр. Мұнда Грузия, Украина, Польша мен Қазақстаннан шыққан қылқалам шеберлерінің туындылары ұсынылған. Алексейдің айтуынша, осылайша ол Берлин халқын қазақ өнерімен таныстыруға тырысады.

Алексей Шрайнер, Ars Pro Dono галереясының негізін құрушы:
- Берлин миллиондаған тұрғыны бар ірі мегаполис қой. Сәйкесінше біздің галереяға келушілер саны да көп. Бәрі қазақ суретшілерінің шығармаларын көріп тамсанады.

Жылдар өтсе де, Германиядағы қазақстандық немістер әлі күнге дейін біздің дәстүрді берік ұстанады. Тағамдарымызды әзірлеп, тілімізді құрметтейді.

Наталья Шрайнер, Алексейдің жары:
- Сүйікті тағамымыз манты мен палау. Немелеріміз де, балаларымызда өте жақсы көреді. Оны қалай әзірлеу керегін кезінде жұбайымның өзі үйреткен болатын.

Авторы: Шолпан Найманбаева