Алматы әуежайындағы жаңа терминал құрылысы 70% аяқталды
Халықаралық Алматы әуежайының жаңа терминалы 2024 жылы пайдалануға беріледі.
Осылайша әуе айлағының жылдық жолаушы тасымалы 14 миллион адамға жетеді. Қазір құрылыс жұмыстары 70 пайызға аяқталған. Нысанның алдындағы көлік тұрағы да ұлғайтылмақ.
Жаңа жолаушылар терминалының ауданы 55 000 шаршы метр. Алматы әуежайы президентінің айтуынша, үш қабатты нысан халықаралық талаптарға сай. Келесі жылы жазда пайдалануға берілетін терминалда 50 тіркеу бағанасы және 41 паспорттық бақылау болады.
Альп Эр Тунга Ерсой, халықаралық Алматы әуежайының президенті:
- Жаңа терминалдың айрықша ерекшелігі - EDGE стандартының Advanced деңгейіне сәйкес келуі. Ол 40% - тен астам энергияны үнемдеуге және жұмыс кезінде терминал ғимараты үшін 20% - дан астам суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ құрылыс кезінде материалдарды үнемдеудің 20% - дан астамын қамтамасыз етеді.
Жаңа терминал бір уақытта 12 ұшаққа қызмет көрсетеді деп күтілуде. Осылайша жылдық жолаушылар тасымалы 14 млн адамға жетпек. Ал биыл қаңтардан бері әуежай 5 млн астам жолаушы қабылдаған.
Аршын Кемелжан, тілші:
- Алматы әуежайының ұлғайту жұмыстарының алғашқы кезеңі пайдалануға дайын. Нақтырақ айтсақ, дәл мына мен жүріп келе жатқан пандус 28 тамыз күні пайдалануға беріледі. Әуежай басшылығының айтуынша, қос жолақты пандус енді төрт жолақты болған. Соның арқасында әуежай ішіндегі көлік кептелісі біршама азаяды, дейді.
Жалпы әуежайдағы жылдық жолаушылар санының нормадан асқанына 10 жыл болыпты. Жаңа терминал мен пандусты жоспарлау барысында жолаушылардың ұсыныстары мен шағымдары ескерілген. Мысалы, жүк тасымалы және көлік тұрағы да жоспарда.
Альп Эр Тунга Ерсой, халықаралық Алматы әуежайының президенті:
- 250 орындық қосымша автотұрақ орнату туралы шешім қабылданды. Тағы 150 орындық автотұрақ ағымдағы жылдың қыркүйегінде пайдалануға беріледі. Қалғаны қараша айында ашылады. Құны 200 миллион доллар болатын жаңа терминал халықаралық рейстерге арналмақ. Ал ескі терминал күрделі жөндеуден кейін ішкі рейстерге қызмет көрсетеді.
Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов