Әскери үшсайыстан ел чемпионаты өтіп жатыр
Қарулы күштердің үздік мергендері мен желаяқтары Қарағанды облысындағы Спасск полигонына жиналды.
Бұнда 3 күн бойы әскери үшсайыстан ел чемпионаты өтеді. Бұл аралықта жауынгерлер Макаров тапаншасы мен Калашников автоматынан түрлі қашықтықтағы нысаналарға дәл атып, граната лақтырады.
Бес қаруын асынған сарбаздар Спасск полигонына жиналды. Чемпионатқа 17 өңірден 170-ке жуық жауынгер келді. Араларында өткен жылғы сайыстың жүлдегерлері де бар.
Еламан Әбішев, №18110 әскери бөлімінің екінші батальон командирі:
- Былтыр қатыстым. Екінші орын алдым. 275 ұпай жинадым.
- Биыл 275-ті қайталаймын деген жоспар бар ма? Әлде асырам дейсіз бе?
- Білмеймін. Құдай біледі әлі.
Негізі әскери үш сайыс 3 күнге жоспарланған. Бұл аралықта жарысқа қатысушылар Макаров тапаншасынан және Калашников автоматынан нысанаға дәл тигізе білулері керек. Тағы гранатаны қашықтыққа лақтырып, кедергілер арқылы эстафета жүгіреді.
Атахан Нұриддинов, жарысты ұйымдастыру орталығының бастығы:
- «АК-3» жарысы. Бірінші – жаттығуды жатып орындайды, екіншіні –отырып орындайды, үшіншіні – тұрып орындайды. Жылда өтетін жарыс. Биыл осы жарыстан кейін бір жылдық жарыстың қорытындысы шығарылады.
Ел біріншілігінде ерлермен қатар әйелдер де өз мықтылықтарын көрсетіп келеді. Жарыс талабы бойынша командада кемі 2 бұрымдыдан болу қажет.
Дәл қазір жарысқа қатысушы қыздар Калашников автоматымен екінші тапсырманы орындауға кірісті. Яғни, отырып 100 метр қашықтықтағы нысананы дәл көздеулері қажет. Қазір ең әуелі 3 оқ тексеруге беріледі. Кейін жаттығу басталады.
Назира Әлбосынова, №54835 әскери бөлімінің қызметкері:
- Мен бұл «АК-3» жарысына бірінші рет қатысып отырмын. Осыған дейін 3 жыл «Әлем жауынгері» халықаралық Армия ойындарына қатысып, осы Спасск оқу полигонында 6 ай дайындықтан өтіп, осы жерде жүретінбіз. Өзімнің пайымдауымша нәтижем жақсы деп айта аламын. Бірақ бізге, жарыс тәртібі солай, мишеньдерді жинап алып кетеді. Көрсетпейді. Жарыс соңында қазылар өздері жауабын айтатын болады.
Тағы айта кету керек, бұл жарыс барысында қарудан атып, 285 ұпайдан жоғары жинағандар спорт шебері дәрежесін иеленеді. Әзірге десанттық шабуылдау бригадасының командасы алда келеді. Олардың қатарында 276 ұпай жинағандар бар екен.