Ауылдарға газ желісін жеткізу қарқын алды
Ақтөбе облысында ұзақ жылдан бері газ желісіне қосылмай тұрған Мұғалжар ауылына биыл көгілдір отын жететін болды.
Бүгінде елді мекенге құбыр тарту жұмысы қарқын алған. Табиғи газды он жылдан астам уақыт бойы сұрап, талай мекеменің табалдырығын тоздырған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Жұмыс барысын бақылап отырған олар, Мұғалжардың қайта түлейтініне сенімді.
Мұғалжар ауылы Мұғалжар ауданындағы ең үлкен ауылдардың бірі. Мұнда алғашқы үй өткен ғасырдың басында «Орынбор-Ташкент» теміржол құрылысы басталған кезде пайда болған. Кейін іргеде қиыршық тас өңдейтін бірнеше зауыт салынып, ауылда тұрғындар саны өскенімен, мұнда газ желісі жетпеген.
Асылбек Әміралин, ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
- Бұл 2010 жылы проектісі басталған. 2011-2012 жылдары ақша бөлінген. Бірақ сол кездері ақшаны басқа аудандарға қажетті, сол жаққа керек деп бұрып алып кетті. 2-3 рет бөлінді, 2-3 рет бұрылды. 13 жыл болды күткенімізге. Құдай қаласа биыл келіп қалатын болар енді.
Бұл ауылға газ құбыры 40 шақырым қашықтықтағы Ембі қаласынан тартылып жатыр. Жобаның жалпы құны 1 млрд 800 млн теңгені құрайды. Ал ауыл ішілік жұмысы аяқталып, бүгінде 300-ден астам үйдің 250-і желіге қосылуға дайын.
Дәулетжан Күзенбаев, Мұғалжар ауылының тұрғыны:
- Мынау газ деген ең өзекті мәселе. Отын жеткізбейді қыстайлыққа. Талай кісілер сол отын жеткізе алмай, үй салқын болғасын көбі көшіп кетті. Қазір соның өзінде 250-300-ге жуық үйлер қалды. Газ келеді дегенге өте қуандық біз.
Тұрғындар көгілдір отынның келуімен ауылдың қайта түлейтініне сенімді. Себебі елді мекен аумағынан ондаған адамды жұмыспен қамтуы тиіс тағы бірнеше өндіріс орны ашылмақ. Қазір елді мекендегі ескірген электр желісін жаңарту және көшелерге асфальт төсеу қолға алынған.
Әлімжан Қорғанбай, Мұғалжар ауылының әкімі:
- Асфальттау жұмыстары енді жалпы «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы арқылы жүзеге асып жатыр. 457 млн ақша республикадан бөлінді. Жалпы біздің ауылымызда 9 көше барлығы. 8 көшеге биылғы жылы асфальт төселіп, қыркүйек айында ол да тапсырылады.
Бүгінгі күні облыс бойынша 9 мыңнан астам тұрғыны бар 12 елді мекенге газ желісі тартылып жатыр. Жалпы өңірдегі елді мекендердің 47 проценті көгілдір отынмен қамтылған.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев