Павлодар облысында үздік кітапқұмарлар анықталды
Павлодар облысында кітапхана оқырмандары арасындағы облыстық байқаудың қорытындысы шықты.
Бұл жолы конкурсқа балалар қатысты. Шарт бойынша оқушылар жазғы каникул кезінде кем дегенде 15 кітап оқуы керек еді. Бұл талапты мүдірмей орындаған кітапқұмарлар бағалы сыйлықтарға ие болды.
Лучезара Кузина - балалар кітапханасының тұрақты оқырманы. Оқушы жазғы каникул кезінде 30-ға жуық кітап оқыған.
Лучезара Кузина, байқау жеңімпазы:
- Фантастика жанрындағы кітаптарды сүйіп оқимын. Байқау туралы естігенде, бірден қатысуды шештім. Осы жазда жазушы Дмитрий Емецтің бірнеше шығармасын оқыдым. Каникул кезінде жақсы демалдым. Кітапханаға келіп тұруды да ұмытпадым.
Облыстық байқауда 100-ге жуық ұл-қыз бақ сынады. Басты мақсат – балаларды әдебиет оқуға ынталандырып, кітапханаға бару мәдениетін қалыптастыру. Жеңімпаздар демеушілер атынан сыйлықтарға ие болды.
Шолпан Шахметова, С. Торайғыров атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхананың басшысы:
- 7 жастан 10 жасқа дейін балалар көбірек болды. Осы жас аралығында конкурс өткізген жақсы, өйткені осы жаста кітап оқуға ниет қалыптасады. Осы жастан кітап оқыса, әрі қарай алып кетеді. Барлығы 15 кітаптан көп оқыды деп айта алмаймын. Бір кітап, екі кітап, бес кітап та бар. Ол да – нәтиже.
Ясмина Шахмұрат, байқау жеңімпазы:
- Аңыз-әңгімелер, ертегілерді көп оқыдым. Шығармалардағы кейіпкерлердің өмірі, олардың ерлігі қызықтырады. Жазда 41 туындыны оқып шықтым. Байқауға қатысып, самокат ұтып алдым.
Бүгінде кішкентай оқырмандардың саны алты мыңнан асыпты. Облыстық балалар кітапханасының қорында 65 мыңнан астам кітап бар. Мамандардың айтуынша, кітапқұмар жеткіншектер көбейіп келеді. Сондықтан жарысты дәстүрге айналдыру жоспарда.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат