Президент тапсырмасы: Айтылды-орындалды

Биыл елде 600 мыңнан астам азамат жұмысқа орналастырылды.

Қызметкерлердің жалақысын өсіру мен ғылым-білімге қомақты қаржы бөлініп жатыр. Бұл туралы «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысына қатысқан Үкімет басшысы Әлихан Смайылов айтты. Ол депутаттарға Президент Жолдауларының орындалу барысын баяндады.  

Биыл алғаш рет сайлауда басым дауысқа ие болған партия Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынған еді. Енді депуттардың таңдаған Үкімет басшысы бірінші рет Жолдау жүктеген міндеттердің орындалуын фракция отырысында баяндады.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Мемлекет басшысының бастамасымен биыл алғаш рет басым дауысқа ие болған партия Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынды. Бүгін жаңа саяси маусымның қарсаңында біз тағы бір дәстүрді бастағалы отырмыз. Алғаш рет фракция отырысында Президенттің жолдауларының орындалуы жөнінде Премьер-Министрдің ақпаратын тыңдайтын боламыз.

Тапсырмалар қиын кезеңде, сыртқы және ішкі сын-қатерлер жағдайында іске асырылып, қойылған міндет орындалды. Премьер-Министр жолдау жайлы сөзін осылай бастады. Оның айтуынша, негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалады. Халықты, әсіресе, жастарды жұмысқа орналастыру қарқынды жүріп жатыр. Жалақы көбейтуге де үлкен мән берілді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- 1,2 қызметкердің жалақысын 2 есеге арттыру міндеті қойылды. Нәтижесінде, мұғалімдердің жалақысы 25, дәрігерлердікі 30, орта медициналық персонал мен өзге де мамандардың жалақысын 20%-ке артып келеді. Шамамен 2 мыңнан астам кәсіпорынмен жұмыс жүргізілді, нәтижесі бойынша жұмыс берушілер 1 млн-нан астам жұмысшылардың жалақысын 10%-дан 50%-ға дейін арттырды.

Ілім-ғылым саласында да серпіліс бар. Орта білімді қаржыландыру соңғы 5 жылда 2 трлн-нан 4,5 трлн теңгеге дейін өсті. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 369 мектеп салынады. Кезінде қазынадан жымқырылып, кейін елге қайтқан 97 млрд теңгеге 62 мектеп салынады. Одан бөлек, биыл 88 мың гранттың 73 мыңы мектеп түлектеріне берілді. Ертеңнен бастап 380 мыңнан астам студенттің шәкіртақысы өседі. Соңғы 3 жылда 1 студентке жұмсалатын қаржы орта есеппен 420 мыңнан 1 млн теңгеге дейін өсті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- 2020 жылдан бастап жыл сайын жатақханаларда 10 мың орын пайдалануға беріледі. Жатақханалар құрылысын мемлекеттік субсидиялау бағдарламасы шеңберінде қазірдің өзінде 99 жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 32-сі ашылады деп жоспарлануда. Жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының жалақысы 20%-ке артады.

Қалың қарашаны тұрмыс, күнкөріс мәселесі жиі толғандырады. Осыған орай, елде жаңа Әлеуметтік кодекс енгізілді. Мұнда еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қолдау көзделген. Мәселен, бала күтімі кезеңі 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды, ал көп балалы аналардың жәрдемақысы өсті. Бүгінде оны 750 мыңнан астам ана алады. Қыркүйектен бастап бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ беріледі. Оған қоса, аз қамтылған отбасыдан шыққан 97 мың баланың балабақшада тегін тамақтану мәселесі шешілді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- 2 миллионнан астам зейнеткердің зейнетақысын саралап арттыру жүргізілді. Бүгінде мемлекеттің зейнетақы бағдарламасы бойынша шығыстар 3 трлн теңгеден асады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекітілді. Осыған байланысты зейнетақыға арналған шығыстар 800 млрд теңгеден астам қосымша соманы құрайды.

Президент пәрменімен Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылды. Тиісінше, бұл өзге өңірдің өгей баласындай болған аймақтардың дамуына үлкен серпін береді. Әкімшілік реформалар да тұрақты түрде жүріп жатыр. Атап айтсақ, Үкіметтің 500-ге жуық функциясы орталық мемлекеттік органдарға берілді, ал жергілікті атқарушы органдарың өкілеттіктері кеңейтілді.

Альберт Рау, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
- Әлемдегі ахуал қоғамға да әсер етіп жатыр. Енді ішкі жағдайымыз да тұрақты болуы керек. Сол үшін Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру жұмысына сәттілік тілеймін

Үкімет басшысы «Жолдауда жүктелген тапсырмалар орындалды деп айтуға болады», - дейді. Ал жүйелі және ұзақ мерзімді міндеттерді іске асыру жалғасып жатыр.

Авторы: Бекзат Аманов