Жетісу облысының төрт ауылында жаңа мектеп ашылады

Білім күні Жетісу облысының төрт ауылында жаңа мектеп ашылады.

Ел игілігіне берілетін оқу ғимараттарының бірі Сарқан ауданындағы Тополевка елдімекенінде салынды. Білім ордасының бой көтеруі шекарадағы аймақ мәселелерінің бірақатарының шешілуіне ықпал етті.

Майра Қалдыбаева жетекшілік ететін мектеп ұжымы құжаттарын жинап жаңа ғимаратқа көшіп жатыр. Ұстаздар қауымы осыған дейін 1940 жылдардың соңында салынып, бірнеше бөліктен тұратын мекемеде сабақ беріп келді.  

Майра Қалдыбаева, Теректі орта мектебінің директоры:
- Ескі мектебімізде спортзал болмады. Әртүрлі шараларды жасауға қиындық болды. Акт залы болған жоқ. Асхана да болмады. Бұның барлығы қиындық туғызды. Қазіргі зәулім мектебімізде осындай қиындық болмайтынына қуаныштымыз.  

Жаңа мектептің аумағы үш мың шаршы метрден асады. Мердігер мекеме өкілдері құрылысты бір жылдан аса уақытта толық аяқтады. Сонымен қатар қажетті жабдықтарын жеткізіп орнатып берді.

Марат Мырзаханов, учаске басшысы:
- Мектеп осы жерде 80 орындық мектебі қосылған 25 орындық миницентрі. Бәрі жасалып жатыр. Бұйырса бірінші қыркүйекте ашылуы болады.

Шекаралы аймақтағы ауылда төрт жүзге тарта адам тұрады. Олар негізінен мал шаруашылығы және омарташылықты кәсіп етіп, мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейді. «Сондықтан білім ордасының жаңаруы жергілікті халықтың туған жерінде тұрақтауына ықпал етеді» ,- дейді Әлия Байтілеуова. Әжейдің бес баласы ескі мектепте оқыса, немерелері жаңасында білім алатын болды.  

Әлия Байтілеуова, ауыл тұрғыны:
- Бала шағам үлкен осындай мектепте оқыса деп армандадық. Арманымыз орындалды. Енді өсіп келе жатқан немерелерім осы мектепті жақсы оқып бітірсе екен деген апаңның арманы.

Үш қабатты ғимараттың салынуымен орыс мектебінде алғаш рет қазақ сыныбы ашылды. Бүлдіршіндер енді ана тілінде де тәлім тәрбие алып, білім нәрімен сусындайтын болады.   

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев