Қызылорда облысының агросаласына инновация қажет

Қазақстанның Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналуына толық мүмкіндігі бар.

Ол үшін отандық агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасау керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы асыраушы саланы дамыту тетіктеріне өз Жолдауында кеңінен тоқталды. Мемлекет басшысы сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз деді. Осы ретте қызылордалық агроғалымдар өнімділік пен қайта өңдеуді оң жолға қою үшін өңірлердегі ғылыми және инновациялық орталықтарды жетілдіру қажет екендігін айтады. Қазақстан аграрлық хабқа айналсын десек мол өнім беретін тұқым сұрыптарын көбейтіп, дәнді дақылдарды терең өңдейтін жоғары технологиялы кәсіпорындар желісі қажет. Қызылорда облысында өсірілетін органикалық таза күріш, бау-бақша өнімдерінің көлемін судың тапшылығына қарамастан бірнеше есе артыруға болады. «Аймақта инженерлік жүйеге келтірілген егіс алқабы жетеді, бірақ селекциялық зерттеу жүргізуге арналған инновациялық алаң жоқ»,-дейді ғалымдар.             

Самалбек Қосанов "Қазақ күріш шаруашылығы" ҒЗИ басқарма төрағасы:

- Үлкен ғылыми орталықтар Алматы мен Астанада орналасқан. Ал шеткі периферияда орналасқан өңірлер үшін бұл өте қиындық тудырады. Мен мысалы Алматыға барып-келіп молекулалық селекциямен айналысу маған қиын. Сондықтан агроинновацияларды жергілікті жерлерге бөлсе, яғни селекционерлердің жұмысын 4-5 жылға қысқарту үшін заманауи зертханалар қажет. 1-кезекте ғылымға жастардың келуі көбейеді. Сонымен қатар шет мемлекеттермен байланысымыз дами түсетін болады.