Әкім: 5 жылда қаланың бүкіл көшесіне асфальт төселеді
Орал қаласында алдағы үш жылда автокөлік жолдарына түгелдей асфальт төселеді.
Тек биылдың өзінде 76 шақырым жолды жөндеу жоспарланса, күні бүгін соның 66 шақырымы жөнделді.
Бұл мақсатқа барлық қаржы көздерінен 10 миллиард теңге қарастырылған.
Самара-Шымкент күре жолымен келген көліктер осы Шолохов көшесімен өтеді. Ауыр автомобильдердің салмағына төзбеген асфальттің тоз-тозы шыққанына бірнеше жыл болды. Биыл жөндеу басталып, Сырым Датұлынан Ғарифолла Құрманғалиев көшесіне дейінгі аралығы жуырда тапсырылды. 4 жолақты жол 6 жолақты боп кеңейген, көше абаттандырылған.
Ерлан Оразгелдиев, қала тұрғыны:
- Мына Шолохов бойында жүргізбейтін еді бұрын. Қазір жақсы жүріп жатырмыз. Жұмыстар да жақсы істеліп жатыр. Бұрын шопырлардың бәрі арыз айтатын еді, жол жаман, ана жер жаман, мына жер жаман деп.
Мынатаубиік Әнесов, қала тұрғыны:
- Мына Шолохов көшесі десе шопырлар жылайды ғой машинаның соры деп. Ойдым-ойдым, шұңқыр-шұңқыр. Сонымен қатар, бетіндегі сапасыз шұңқырлардың бетін жауып кетсе де, деген бәрі көрініп тұратын. Қазір басқаша. Басқа даңғыл сияқты. Біздің қаланың жақсы көшесінің бірі деп есептеймін.
Тек Шолохов атындағы көше емес, биыл қалада тағы 65 көше жөнделмек. Күні бүгін жоспарланған 76 шақырымның 66 шақырымына асфальт төселген. Шаһар басшылығы таяу үш жылда қала жолдарын тегіс жөндеп бітіруге бел буыпты.
Миржан Сатқанов, қала әкімі:
- Оралда 615 шақырым жол бар. Оның ішіндегі 150-ге жуық жолымыз мүлде асфальт жоқ көшелер. Негізгі жоспарымыз алдағы 3 жыл мен 5 жыл ішінде қаланың барлық көшелеріне жөндеу және реконструкция жүргізу. Жылма-жыл 70 шақырым жол жөндейтін болсақ, алдағы 3 жыл ішінде барлық көше бітеді деген үмтіміз де, жоспарымыз да бар.
Биылғы Президент Жолдауында автокөлік жолдарының санына ғана емес, сапасына көңіл бөлу, жұмыстарды уақытылы аяқтау керектігі айтылғаны мәлім. Міндетін адал атқармаған компаниялардың жауапкершілігі де күшейтілмек. Бұл ретте Орал қаласының әкімдігі көтере алмас шоқпарды беліне байлаған екі компанияны сотқа беріпті. Сондай-ақ биылдан бастап қала әкімдігі тендерді күзде өткізбекші.
Миржан Сатқанов, қала әкімі:
- Ең басты осы жобаларымызды күз айында мердігерлерді анықтап, қыс бойы инертті материалдарды алып келу. Себебі жазғы уақытта ия локомотив жетпейді, ия вагон жетпейді, ия шебен мен битум ортасында да мәселе шығып жатады. Бұл – бірінші мәселе. Екінші – жобаларды басқа өңірлерден басқа кішігірім жеке фирмалар алып алып, солар сол дұрыс жобаны істемеуіне байланысты кейде ауыртпашылықтар болып отырады.
Былтыр Оралда 28 көшеге 30 километр асфальт төселсе, биыл 66 көшеде 76 шақырым жол жөнделмек. Ал келер жылға 10,4 миллиард теңгеге жалпы ұзындығы 62 шақырымды құрайтын 33 жоба әзірленген.