Павлодар облысында туризм саласының әлеуеті арта түспек
Павлодар облысының туристік әлеуетін арттыру бойынша 18 жоба жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өңірлік бағдарлама шеңберінде салаға 5 млрд теңгеге жуық инвестиция құйылған. Қомақты қаражат жол бойындағы сервисті дамыту, демалыс орындарының қызмет сапасын арттыру, жаңа қонақүйлерді салу, жолаушылар тасымалын реттеу бағыттарына жұмсалған. Жобалардың басым бөлігі туристер арасында сұранысқа ие жерлерде, нақтырақ айтқанда, Павлодар қаласы мен Баянауыл демалыс аймағында қолға алынған. Мамандардың айтуынша, кешенді жұмыс нәтижесінде 120 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған.
Айта кетейік, саланы дамытуда Баянауыл ұлттық паркіне ғана емес, көрікті және қасиетті жерлерге бай өзге аудандарға да басымдық беріледі.
Сағыныш Нұрқымбаев, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының м.а.:
- 2024 жылы жалпы сомасы 5 млрд теңгеге 9 жоба жоспарланған. Қабылданған және жоспарланған шаралар туристік саланы дамыту өңірлік бағдарламасының іс-шараларын іске асыру, туризм саласындағы мемлекеттік қолдау шаралармен қамтуды арттыру. 2023 жылы жоспарланған нәтиже туристер саны 200 мыңнан асады.