Абай облысында іскер азамат ауылына асфальт салып берді
Ауылдың жолын өз қаражатына жөндетіп, асфальт төсеп берді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Шаруа қожалығының басшысы Талғат Оразаев қазір аудан орталығындағы мешіт құрылысына да жәрдемдесіп жатыр. Бұл – Абай облысының Бородулиха ауданы.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жыл сайын 3 миллионға жуық қаражатты қайырымдылыққа жұмсайтын азаматпен тілшіміз Азамат Қасым кездескен еді.
Механизатор Руслан Мержуев шаруа қожалығында 10 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қазір егін жинаудан қолы босамай жүр. Күніне 50 гектар алқапты игереді. «Мұның бәрі – жаңа техниканың арқасы. Шаруа қожалығының басшысы – жаңалыққа жаны құмар жан», - дейді ол.
Руслан Мержуев, механизатор:
- Бұрын мұндай техникаға отыру арман болатын. Қазір рақат. Механизатор техника ішінде демалып отырады. Ауыл тұрғындары үшін ең маңыздысы жалақының уақытында берілгені ғой. Бізде бұл тұрғыда ешқандай мәселе жоқ.
Талғат Оразаевтың шаруа қожалығы 1999 жылы құрылған. Қазір ол 5 мың гектар алқапқа бидай, арпа, күнбағыс пен жүгері егеді. Кәсібі өрге басқан азамат ауыл-аймағына көмектесуді әркез есінен шығармайды. Жыл сайын 3 миллион теңгеге жуық қаражатты қайырымдылыққа жұмсайды.
Александра Петрова, Бородулиха ауылының тұрғыны:
- Бұрын бұл көшенің жолы ойдым-ойдым болатын. Қазір жүйткіп жүрміз. Талғат Оразаевқа ауылдастары дән риза. Өйткені ол туған жерінің игілігі үшін аянып жатқан жоқ. Жергілікті халыққа үнемі қол ұшын созады. Қашан көрсең, елге болсын деп елпілдеп жүреді.
Әріпжан Қожанұлы, Бородулиха аудандық мешітінің бас имамы:
- Бұл жерде енді руханиятты дамытып, отан сүйетін, имандылыққа жетелейтін бір рухани орын болады деп есептейміз. Жастарды жақсылыққа тартатын, дәстүрімізді дәріптейтін имандылық үйі деп есептеп отырмыз. Осының ішінде бастан аяқ осы мешітімізді күні-түні жобамызды қарап, басқарып жүрген Талғат Оразаев деген бауырымыз. Алла разы болсын. Кәсібіне береке берсін.
Бородулиха ауылында еңселі мешіт салу мәселесін жергілікті тұрғындар көптен бері көтеріп жүрген. Өйткені аудан орталығындағы ғибадат үйі әбден ескірген екен.
Талғат Оразаев, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Шаруаларға мемлекет жақсы қолдау көрсетеді. Субсидия аламыз. Жеңілдетілген бағада жанар-жағармай береді. Техника мен тыңайтқышқа да субсидия бар. Сондықтан біз де өз тарапымыздан туған жердің түлеуіне қолдан келгенше жәрдемдесуге тиіспіз.
Кәсіпкер 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Өнімділікті ұлғайту үшін техникаларын жыл сайын жаңартады. Ал алған өнімді жергілікті компаниялар мен шетелге экспортқа шығарады.
Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы.