Ата жолын жалғаған өнегелі отбасы

Жетісу облысында ата жолын жалғаған, ұрпақ сабақтастығын сақтаған өнегелі отбасы тұрады.

Олай дейтініміз марқұм Абылқасым Қайранов ақсақал негізін қалаған шаруашылықты балалары шалқытып, немерелері де, осы кәсіпті жүргізуге ат салысып келеді. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан әулет, өңірлік «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында жеңімпаз атанды.

Қайрановтар әулеті 18 ғасырда өмір сүріп, қазақ даласын жоңғар басқыншыларынан қорғаған Қасабай батырдың ұрпағы. Ел тарихында болған Сайрам, Аңырақай шайқасындағы жекпе-жекте жауды жеңген баба рухына тағзым ету отбасының бұлжымас қағидасы. Өскен өнген әулеттің ұйытқысы Алтынхан әже. Отағасы марқұм Абылқасым ата екеуі алты ұл бір қыз тәрбиелеп өсірді. 

Алтынхан Байдолдақызы, алтын алқа иегері:

- Бір жеңнен қол, бір жерден бас шығарып, ақылдасып, Біріміздің тілімізді біріміз алып, жақсы өмір сүрдік. Өзінің білгенін үйретті балаларына. Қалай еңбек жасау керек, қалай адам болу керек. Соның бәрін үйретіп, оң жолына бастап берді.

Отағасы Абылқасым ақсақал ұзақ жылдар бойы совхозда шопан болып еңбек етті. Таңмен тұрып мал өргізіп, жаз жайлауда қыс қыстауда төрт түліктің бабын тауып берекесін кіргізді.   

Бақтай Станбекұлы, Жайпақ ауылының тұрғыны:

- Бұл кісі керемет еңбекқор. Сағат төртте тұрып алып еңбек етеді. Біздің тереземізді қағып оятады. Мен ана келіншегімді әкеліп, ананы көр, тәтемнен үйрен, біз де солай жасайық деп, осы кісілерге қарап, біз де мал асырадық.

Отбасының асқар тауы Абылқасым ата негізін қалаған шаруашылықты бүгінде ұлдары жалғастырып келеді. Бір қолдың саласындай бірігіп еңбек ететін балалары ата кәсібін әртараптандырды. Мал басын көбейтіп қоймай бағбаншылықпен, диқаншылықпен айналысып ел ырысын арттыруға үлес қосып келеді. 

Сәкен Қайранов, А.Қайрановтың ұлы:

- Соя бар әне ана жерде. Бидай, арпа бар. Әке-шешеміз осыған тәрбиеледі ғой. Малдың ізінде жүрдік. Соны інілеріме, балаларыма көрсетіп жатырмын.

Дәурен Абылқасымов, А.Қайрановтың немересі: 

- Мына техникаларға тыным жоқ, жоңышқа, бидай себеміз. Мынау біздің қыстай малға беретін шөбіміз, бидайымыз бар.

Алтынхан әжей мен Абылқасым ақсақалдың еңбекпен есейген жеті баласы да өз жолын тапты. Бірі әскери салада, келесісі балабақша ашып ұрпақ тәрбиесіне ден қойса, енді бірі техниканың тілін жетік меңгерген. Аға буынға айналған олар да ұл қыз өсіріп отыр. Немере, шөберелері әр салада жетістікке жетіп апасының көз қуанышы болып жүр.  

Әулеттің келіндері «абысын тату болса, ас көп» деген тәмсілді берік ұстанады. Әрқайсысы бір шаңырақтың түтінін түтетіп бала-шағаның тәрбиесіне сүбелі үлес қосып келеді. 

Гүлжібек Қайранова, А.Қайрановтың келіні:

- Өзім ерке қыз болдым, не тамақ жасау білмеймін. Соның бәрін анамыз бен атамыздың жақсылығы – үйретті. Енеміздің арқасында алты абысын татумыз.

«Бірлік бар жерде тірлік бар» дейді дана халқымыз. Абылқасым ақсақалдың отбасы ауызбірлігімен, бауырмалдығымен еңбекқорлығымен ерекшеленеді. Әулет ата жолын жалғап, ұрпақ сабақтастығын сақтауымен де көпке үлгі.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов