Еліміз метан шығарындыларын азайту жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосылуға ниетті
Бүгінде бұл бастамаға әлемнің 150 мемлекеті қосылып, климаттың өзгеруінен болатын теріс әсердің алдын алуға күш салып отыр.
Қазақстанның да бұл бағыттағы ұстанымы берік: еліміз 2060 жылға дейін көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу стратегиясын қабылдады. Және ауаны ластаушы шығарындылардың деңгейін төмендету жоспарын жасады. Метан - ең қуатты парниктік газдардың бірі. Мамандар, жаһандық жылынудың 30%-ы соның әсерінен, - дейді. Зерттеушілердің соңғы дерегіне сәйкес, метан жер бетіндегі температураның 1 градусқа жылынуына себеп. Елордада өткен жиында отандық және халықаралық қауымдастық өкілдері климаттың өзгеруімен күрес жолындағы мақсат-міндеттерді талқылады.
Бақыт Есекина, "Жасыл академия" ғылыми-білім беру орталығының директоры:
- Бұл - екінші рет өткізіп отырған климаттық пікір алмасуымыз. Мемлекет басшысы өз жолдауында Қазақстан көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу стратегиясын қабылдағанын атап өтті. Еліміз, халықаралық аренадағы жауапты ойыншы ретінде жаһандық климаттың өзгеруіне қатысты бастамаларды қолдайды. Бүгін біз осы бағытта қандай әдістер мен технологиялар тиімді жұмыс істейтінін талқыладық.
Паата Джанелидзе, SECCA тобының жетекшісі:
- Қазақстандағы жалпы газ шығарындыларының 15-17 пайызы метаннан тұрса, оның жартысы энергетика саласына тиесілі. Біздің жұмыс бағдарламамызда Париж келісіміне қатысты міндеттемелерді орындау бойынша басқа елдерге көмектесу бағыты бар. Метан шығарындыларын ерікті түрде азайту осы жүзжылдықтың соңына дейін жаһандық температураның көтерілу деңгейін 1 жарым пайызға азайту үшін маңызды.