Астанада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды
Ал Астанада бүгін осы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Мыңдаған жанұя арасынан үздік шыққандарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, жылы лебізін жолдады. Отбасылық құндылықты насихаттаған ұлттық байқауға биыл 10 жыл.
Бұл Ермағамбетовтер әулеті. Қостанай облысының Алтынсарин ауданынан келген. Барлығы осы Алтай ақсақал мен Злиха әженің ұрпағы. Қос бәйтеректен 10 бала, 19 немере, 1 шөбере тараған. Өнегелі отбасы әуелі ұлттық байқаудың өңірлік кезеңіне қатысты. Содан жеңімпаз атанып, бүгін Астанаға келіп отыр.
Злиха Ермағамбетова "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының жеңімпазы, батыр ана:
- Ән, би болды. Шалым өлең айтты. Балаларым өлең айтты, немерелерім өлең айтты. Қандай өнеріміз бар соның бәрін ортаға салып көрсеттік. Тағы не көрсеттіңіздер? Мен құрт, майымды көрсеттім. Сиыр сауғызып келіндеріме, сондай көрсеттім. Мына кісі трактормен еңбек еткенін көрсетті. Әлі күнге дейін тракторде.
Бұл 90-дағы Елубай ақсақал мен 82-дегі Шақтай әже. Астанадағы марапаттау рәсіміне Қарағанды облысының Ақадыр кентінен келді. Биыл отасқандарына 65 жыл.
Елубай Әміреұлы, "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының жеңімпазы:
- Пойызда келе жатқанда танысқанбыз. Содан кейін барып үйлендік.
Пойыздағы сол таныстық баянды махаббатқа айналды. Бүгінде үлкен әулет. Ақсақал мен кейуана 9 бала, 32 немере, 30 шөберенің қызығына бөленіп отыр. Хош. Ұлттық байқаудың жеңімпаздарын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Президенттің хатын жиылған қауымға мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді.
Аида Балаева ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Құрметті қауым! «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын! Бұл - төл құндылықтарымызды дәріптеп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашатын маңызды жоба. Әр аймақтағы өнегелі отбасылардың байқауға белсене қатысуынан елімізде береке-бірлігі жарасқан құтты шаңырақ иелері аз емес екеніне көз жеткіздік. Әр шаңырақтың ырысы артып, мерейі таси берсін! Баршаңызга зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!
"Мерейлі отбасы" жобасына биыл 10 жыл. Осы кезге дейін ұлттық байқаудың өңірлік кезеңдері өтті. Оған ұзын ырғасы 3 мыңнан аса отбасы қатысты. Сөйтіп республикалық сында әр өңірден бір жанұя жеңімпаз деп танылды. Соның бәрі бүгін Астанаға келіп, құрметке бөленді. Әрбір отбасыға 1 млн теңгеден табысталды.
Авторы: Қорған Қонысбайұлы