Шымкентте техникалық мамандар даярлауға басымдық беріледі

Шымкентте өнеркәсіптік өндіріс ошақтарында кадр тапшылығы туындап отыр.

Көбінесе энергетика, жылумен жабдықтаушы мекемелер мен темір бұйымдарын жасайтын техникалық мамандар жетіспейді. 

Ал оқу ордаларының мамандары дуалды білім беру жүйесі арқылы еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуге болатынын айтады. Сондай-ақ бұл үдеріс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білікті жұмысшы мамандарды көбейту қажет деген тапсырмасын орындауға төте жол деп санайды. 

23 жастағы Нұрәлі Әбдікерім электр энергетика мамандығы бойынша кәсіптік білім алған жас маман. Орта Азиядағы ірі зауытта дуалды оқыту жүйесі арқылы біліктілігін арттырып, бір жыл бұрын осында жұмысқа қабылданды. Қазір жоғары кернеулі трансформаторлар құрастырады.

Нұрәлі Әбдікерім, инженер-энергетик:

- Дуалды білім беру бағдарламасының тиімділігі ол осы жерде мен теориалық білімдерімді практика жүзінде көрдім. Маған осы дуалды білім берудің арқасында жұмысқа орналасу оңай болды. Жақсы оқыған болсаң қолыңа дипломды алған кезде мекемелер өздері жұмысқа көптеп шақыра бастайды.

Аймақтағы көптеген зауыт, фабрикаларда оқу ордаларының кафедрасы жұмыс істейді. Студенттер теориялық оқытумен қатар сонда барып, аптасына үш рет тәжірибелік біліктілігін арттырады. Зауыт өкілдері кәсіптік білім берудің жаңа үрдісіне көшкелі бері 108 адамды тұрақты жұмысқа қабылдаған. Алайда өндіріс ошағын кеңейтуге әлі де маман тапшылығы қолбайлау болып тұр.

Омар Асанов, зауыттың басқарма басшысы:

- Бізде жалпы энергетика саласын түсінетін мамандар керек. Оның ішінде электрикада физиканың заңдарын түсінетін мамандар керек. Екінші машина жасау. Темірді, металды қалай өңдеу керек екенін, қалай жасау керек екенін түсінетін мамандар керек.

Бір аудиторияда бүтін бір саланың қыр-сырын меңгеру мүмкін емес. Сондықтан өндіріс ошақтарына қажет жұмысшыларды бірлесіп даярлау заман талабына айналды. Осы мақсатта жылына 8 мың түлекке диплом беретін оқу ордасы 38 мекемемен келісім шарт жасасқан.  

Дария Қожамжарова, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры:

- Аудиторияның көлемінде ғана қазір балаларды дайындай алмайсыз. Балаға машықтану керек, тәжірибе керек. Бала зауытта, фабрикада қазіргі болып жатқан немесе сол қатардағы мекемеде білім алуға тиісті. Біз қазіргі таңда 300-дің 38 бағдарлама ол дуалды ғылым жүйесі. 83% біздің түлектеріміз жұмысқа орналасып кетті. Бұл жақсы көрсеткіш.

Өнеркәсіптік өндіріс орындары жаңашылдыққа бет бұрып, саланы автоматтандыруға асық. Бұл кадр мәселесін реттеп қана қоймай, бәсекеге қабілеттілікті арттырады,-дейді олар. Алайда заманауи техниканың тілін білетін жұмысшыларды қайта даярлау курстарынан өткізу қажет болады.

Елімізде IT технологиялар саласы үшін маман даярлауға ерекше көңіл бөлінбек. Бұл туралы Мемлекет басшысы кезекті жолдауында баса айтты. Ол үшін үш университет таңдалып, кадрларды даярлау мен ғылыми зерттеулер жүргізумен айналысады. Үкіметке қойылған жаңа міндет 2026 жылға қарай IT саласының экспортын бір миллард долларға жеткізу жүктелді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы