Павлодар облысында 2 мыңға жуық үй жануары тіркелді
Павлодар облысында 2 мыңға жуық үй жануары міндетті тіркеуден өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мамандардың айтуынша, ит-мысықтардан бөлек, теңіз шошқалары, сәндік егеуқұйрықтар, тасбақалар мен маймылдар да есепке алуға жатады.
Елімізде үй жануарларын тіркеу 1 қыркүйектен басталды. Заң күшіне енсе де, өңірде ит-мысықтарды күту, серуендету талаптарын бұзу деректері азаймай тұр. Осы күнге дейін 250-ден астам павлодарлық тұрғынға 5 млн теңге шамасында айыппұл салынды.
Асылтас Тілеубаев, облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:
- Биыл қаңғыбас жануарларды есепке алуға 17 млн теңге, ал әлеуметтік осал топқа жататын тұрғындардың ит-мысықтарын тіркеуге 6,3 млн теңге бөлінді. Аймақта үй жануарларын тіркеу мен ақпаратты бірыңғай базаға енгізумен 9 жекеменшік клиника мен аудандық ветеринарлық бөлімшелер жүргізеді. Жеке тұлғалар үшін қызмет құны 3,5-4 мың теңге шамасында.