Елде техникалық мамандықтарға грант көп бөлінді

Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде.

Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Президент Жолдауында, атап өткен түйіткілдің бірі осы. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, биылғы жылы мемлекеттік білім грантының саны артты. Техникалық және кәсіптік колледж студенттерінің 75 мыңы квота бойынша қабылданды. Оған қоса, шәкіртақы өседі, жаңа жатақханалар ашылады. Бұл бағыттағы серпіліс, Қызылорда облысында да байқалып келеді.

Арина Мырза биыл Қызылордадағы құрылыс және бизнес колледжінің студенті атанды. Ол құрылыс мамандығында мемлекеттік грант негізінде білім алып жүр. Әке жолын қуып осы саланы таңдадым. Елімізде техникалық мамандықтарға сұраныстың арта түскенін ескере отырып, болашағымды құрылысты жобалау саласына арнағым келеді,-дейді ол.

Арина Мырза, колледж студенті:

- Қазақстанда көп деген зауыттар ашылып жатыр. Осы құрылыс мамандығы өте жақсы дамығандықтан сұраныс өте көбеюде. Гранттың бөлінгені өте дұрыс, өйткені қазіргі кезде өсіп келе жатқан жастардың Қазақстанға қосатын көмегі көп болу керек деп ойлаймын.

Өткен жылы толықтай қайта жаңғыртудан өтіп, заманауи үлгіде жабдықталған бұл оқу ордасына биыл 270 білім алушы қабылданған. Техникалық мамандыққа қызығушылар қатары жыл сайын еселеп артып отыр екен.

Дана Дәлиева, колледж директорының орынбасары:

- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында әсіресе техникалық мамандықтардың тапшылығы жөнінде атап өтті. +Мамандарды даярлауда барынша тер төгу қажеттігін атап өтті. +Білім алушылардың шәкіртақасы 50 пайызға артады алдағы уақытта. Сонымен қатар 100 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар ыстық тамақпен қамтылған біздің балалар. Және жол ақысымен де қамтылған.

Қызылорда облысында 20 мыңдай жас колледждерде білім алады. Оның 35 пайызға жуығы техникалық мамандықтарды таңдаған. Өңірдің өндірістік ерекшелігіне сәйкес, таукен, техника-технология, құрылыс және ақпараттық технолгия салаларында мамандарға сұраныс бар. Осыған орай биылдан бастап мектеп бітіруші түлектердің де жұмысшы мамандақтарын меңгеріп шығуына мүмкіндік жасалады. 

Бекжан Есенбаев, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Бұл пилоттық жоба 2025 жылға дейін, яғни мектеп бітіруші түлек аттестатпен бірге жұмысшы құзыреттілігі бойынша диплом алып шығады. Бұл бірінші кезекте еңбек нарығының сұранысына сәйкес тез жұмыспен ақмтылуына мүмкіндік берсе, екіншіден жастардың жұмысшы кәсібін тегін алуға және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға үлкен септігін тигізетін болады.

Өңірде соңғы жылдары колледж студенттері үшін 1805 орынға шақталған 6 жатақхана іске қосылған болатын. Мәселені толық шешу үшін тағы 175 орын керек. Биыл 75, келесі жылы 100 орынды екі ғимарат салу арқылы түйіткілдің түйіні тарқатылмақ.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Алиев