Атырау облысында волонтерлер заңсыздықтың алдын алды
Атырау облысындағы Мақат аудандық әкімдігі көшетті 3 есе қымбатқа сатып алмақ болған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олар мемлекеттік сатып алу байқауында 5 мың теңге тұратын өскіндердің әр түбін 15 мың теңгеге бағалаған. Бұл деректі мониторинг жүргізген волонтёрлер анықтады. Осылайша, осы мақсатқа бөлінген 1,5 миллион теңгенің лоты өтпей қалды.
Жалпы аймақ еріктілері сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаларға белсенді атсалысып жүр. Қазір департаментпен 56 волонтёр тұрақты байланыста. Тағы 45 студент өз еркімен көмектесуге келісім берген.
Жәнібек Қаражанов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:
- Ағымдағы жылдың тамыз айында Агенттікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік жоба жүзеге асырылған болатын. Бұл жоба 5 бағытты құрайды. Соның бір бағыты – осы мемлекттік сатып алу рәсімдерін бақылау. Яғни, еріктілер осындай заңсыздықтарды анықтаса, бізге тиісінше хат жолдайды немесе бізге жолығады. Әрі қарай біз осы анықталған дерек бойынша әрекет ететін боламыз.