Қазақстан EuroSkills жарысында тарихи жеңіске жетті

Қазақстан EuroSkills чемпионатында тарихи нәтиже көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттық құрама алғаш рет 2 бірдей медаль ұтып алды. Бұдан бөлек, 4 «Үздік медальонға» ие болды.

Биылғы жарыс Польшаның Гданьск қаласында 5-9 қыркүйек аралығында өтті. Ұлттық құрамаға 28 қатысушы және 25 халықаралық сарапшы енді. Қазақстандықтар 25 құзіреттілік бойынша сынға түсті.

EuroSkills чемпионаты – Еуропадағы кәсіптік білім беру және біліктілікті арттыруға арналған шара. 25 жасқа дейінгі мамандар арасындағы халықаралық шеберлік жарыстары 2 жылда бір рет өткізіледі. Осы жолы 32 елден 600 жас маман қатысты. Қазақстан 10-шы орынға шықты.

Серік Жартыбаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің департамент директоры:

- Орал ақпараттық технологиялар колледжінің студенті Руслан Юсупов «Веб технологиясы» бойынша күміс медаль иеленсе, Андрей Степанюк пен Станислав Горицин Қостанай автомобиль көлігі колледжінің командасы «Желілік және жүйелік әкімшілендіру» бойынша қола медаль жеңіп алды. Яғни, біздің балаларымыз тек ІТ емес, басқа салаларда да еуропалық стандартты меңгеріп отыр деген сөз.