БҚО-дағы шаруалар киіктен зардап шегіп отыр

Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарында шаруалардың жағдайы мәз емес.

Қуаңшылық салдарынан биыл шөптің шығымы нашар, оның өзін жер қайыстырған қалың киік отап кеткен. Қазір шабындық түгілі малға жайылым болмай жатыр.

Мына кадрлар жуырда Казталов ауданы Көктерек ауылында түсірілді. Белгісіз шаруа кадр сыртында шабындықтың жайын айтып шағымданады. Дала тартқан тулақтай тып-тықыр. Бөкей Ордасы, Жәнібек, Жаңақала аудандарында да осы көрініс. Шабындық түгілі жайылым жоқ.

Ақылбек Сағитов, облыстық мәслихат депутаты:

- Киіктен зардап шегіп жатқан шаруаларымыз көп. Компенсация мәселесін бірнеше қайтара көтергенбіз. Екі министрлікке де айтқан болатынбыз. Әрине биылғы біздің айтып жатырған өтемақымыз шаруалардың түбегейлі мәселесін шешпейді, Неге десеңіз биылдың өзінде киіктің саны шамадан тыс көп болып тұр ғой.  Келесі жылы ол төлдейді, одан сайын көбейеді.

Қазақстанда киіктің Бетпақдала, Үстірт, Орал популяциясы кездеседі. Соңғысы Еділ-Жайық аралығын мекендейді. Мамандардың мәлімдеуінше облыста киік көбейді деген жылдардың өзінде 500 мыңнан аспаған. Ал қазір екі жарым миллионға жетіп қалған. Көбейгені сонша қалаға дейін келіп, астықты алқаптарға ауыз салып жатыр. Диқандар егісті қоршап, ор қазып та көрген. Пайда жоқ. Байырғы диқан Мырзабай Боранбаев биыл егіннен өнім жинай алмады. Еңбегі еш кетті.

Мырзабай Боранбаев, диқан:

- Киік мәселесі ешқандай шара жоқ. Киікке деген мынадай млн 30 мың деп несін беріпті санын. Одан көп бұл. Екеу-үшеуден туады. Енді бұл әл бермейді. Мұны мемлекеттік бағдарламамен жүйелі түрде азайтып, санын шектемесе болмайды. Кез келген популяция белгілі шекке жеткесін індетпен өзі де қырылады ертең. Оны өйтіп қырғанша, қазір игілігін пайдаланып санын шектеу керек.

Самат Хасанов, диқан:

- Мал азығын даярлау мақсатында егістік егіп жатырмыз жаңбырлату бағытында. Сол жерлерге электробақташымен қоршадық. Ол электропастухпен қошаған бізге пайда бермей тұр. Сеткамен қоршау керек болып тұр. Сеткамен қоршағанда үкіметтен субсидия төлесе екен дейміз.

Биыл облыс шаруаларына киіктен келген залал 8 миллиард теңгеге жуықтайды. Оңтүстік аудандарда құрылған комиссиялар осындай ұйғарымға келді. Ақбөкендер 1 миллион 284 мың гектар жайылым-шабындықты таптап, 5 мың гектар егінді отап кеткен. Қазір тиісті есеп-қисап жоғарыға жіберілді. Бірақ санын тез арада реттемесе, келер жылдары киіктен келер шығын одан да көп болмақ. Киікті аулап, оның етін өңдеуге, сауда сөрелеріне шығаруға өңір кәсіпорындарының әлеуеті жеткілікті, дейді сала басшылары.

Наурызбай Қарағойшин, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Сол өзінің аумағына жақын 3 ет комбинаттары, қазір солармен әзірліктері пысықталуда. Бұл үш комбинат тәулігіне 1900 басқа дейін соя алатын мүмкіндіктерін көрсетіп отыр. Тоңазытқыш камералары 4 мың тонналық істеп тұрған қазір. Бұл Жаңақаладағы ет тоңазыту комбинаты және Ақжайық ауданында орналасқан ет сою орны. Енді оның ар жағында өңдеу жұмыстары Кублей. Ертең бұл басталған уақытта сонда өңделетін болады.

Мамандардың мәлімдеуінше жануарлардың санын реттеп отыру әлемдік тәжірибеде кездесетін жағдай. 80-жылдары Орал өңірінде де киікті аулап, етін дүкендерде арзан бағамен сатқанын аға буын жақсы біледі.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов, Э. Аюпов