Елде тұқым тапшылығы туындауы мүмкін
Бүгінде астық алқаптарының 28%-і ғана орылған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл былтырғы көрсеткіштен 2 есе төмен. Жаз бойы құрғақшылықтан титықтаған шаруалар егін жинау қызатын шақта жауыннан көз аша алмай отыр. Мәжіліс отырысында диқаншылардың жанайқайын депутат Аян Зейнуллин жеткізді.
Елде 5 жылда тұқым өндірісі айтарлықтай кеміді. Ол аздай тұқым шаруашылығымен айналысатын ғылыми орталықтарда ұрлық-қарлық етек алған. Оның үстіне қаржылай қолдау да мардымсыз. Ғылыми мекемелер жан бағу үшін пайдасы көбірек өзге дақылдарды егуге мәжбүр, - дейді ол.
Аян Зейнуллин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Азық-түлік келісімшарт корпорациясында жатқан 362 мың тонна астық тауарлық бағытта, тұқым ретінде пайдаланып жатсақ, сапасы төмен болады. Шаруашылықтардың оны екпейтіні белгілі. Қиын-қыстауда дән сатып алатын көршіміз Ресейдегі жағдай да мәз емес. Олар өздеріндегі проблемалардың алдын алу үшін экспортқа тұқым шығаруды шектеуі мүмкін.