Алматы облысында 39 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр

Алматы облысында тұрғын үй құрылысы қарқын алды.

Биыл өңірде 811 мың шаршы метр баспана салу жоспарланған.

Жыл соңына дейін мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге қоныстанады. Қазір шалғай ауылдарда да мемлекеттік бағдарламамен, тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр.

Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында қоныс тойы тойланды. Құрылысы былтыр басталған көппәтерлі үш үй мерзімінен бұрын аяқталды. Олар жаңа ықшамауданда бой көтерді. Үш бөлмелі үйлер алдымен әлеуметтік осал топтағыларға, бюджеттік сала қызметкерлері мен жас мамандарға берілді.

Руслан Бибугтов, Есік қаласының тұрғыны:

- Мен 2012 жылдан бері осы кезекте тұрмын. Көпбалалы әке болып. Алты балам бар, Құдайға шүкір. Соны ескерген Үкіметімізге көп рахмет. Үш бөлмелі пәтер алдық.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген бұл үйлер жалға беріледі. Мұнда коммуналдық шығындардан өзге үш бөлмелі үйдің айлық төмелі небәрі 11 мың теңге.

Нұржан Құдайбергенов, облыс әкімінің орынбасары:

- Бүгінгі күнге 39 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр. Оның барлығын кезек кезегімен жыл сайын тұрғын үйлердің салынуымен қанағаттандыратын боламыз.

Дәл осындай үйлер Балқаш, Жамбыл аудандарында да салынып жатыр. Жалпы жыл басынан бері Алматы облысында 213 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы аяқталған.

Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөнкешов, «Хабар-24», Алматы облысы.