Балалар қауіпсіздігі жөнінде жаңа заң жобасы әзірленді

Бала қауіпсіздігі – басты назарда. «AMANAT» фракциясының бастамасымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жаңа заң жобасы әзірленді.

Отырыста еліміздегі отбасы, ана мен бала құқығын қорғаудың қазіргі жағдайы талқыланды. Жиында Ерлан Қошанов жас ұрпақтың барынша қауіпсіз әрі бақытты болуына жағдай жасау – Мемлекет басшысы саясатының және «AMANAT» партиясы басымдығының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, балаларға психологиялық және өзге де көмек көрсету үшін партия жанынан «111» сенім телефоны жұмыс істеп тұр. Бүгінге дейін жедел қызметті 47 мыңнан астам адам пайдаланды. Бұл жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру үшін жобаны Үкіметке беру ұйғарылды. Жиын барысында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева заң жобасын арнайы таныстырды. Құжатта зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсетудің бірыңғай бағдарламасын енгізу, балалар инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыс үшін жазаны қатаңдату сынды бірқатар ұсыныстар бар.