Тегін тамақ. Ас мәзірін ата-аналар бақылайды
Жаңа оқу жылында Павлодар облысы бойынша бастауыштың 47 мыңдай оқушысы ыстық тамақпен қамтылды.
Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 3,6 миллиард теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 12 мыңдай оқушы тегін тамақтанады.
Ал Шымкетте бастауыш сынып оқушыларының санына қарай, 7 миллиард теңгеден аса қаржы қарастырылған. Төменгі сыныптарға берілетін ыстық тамақтың сапасын ата-аналар бақылайды.
Осыдан төрт жыл бұрын Павлодар облысында бастауыш сынып оқушылары әлеуметтік статусына қарамастан ыстық тамақпен толықтай тегін қамтылған еді. Яғни, тәжірибе бар. Мектеп асханалары кәсіпкерлерге жалға беріледі. Ал түскі астың құны 450 теңге болып бекітілді. Оқушыларға күнара бал немесе жеміс-жидек беріледі. Тегін астың сапасын арнайы комиссия бақылайды.
Азамат Сыздықов, Малайсары батыр атындағы мектеп директоры:
- Ас мәзірі бойынша жұма сайын комиссия тексереді. Сол комиссияда ата-аналар, үлкен сыныптың оқушылары, мектептің медбикесі кіріп, жұма сайын тексеріс жүргізіп отырады. Ол жерде ас мәзірінің сәйкестігін, одан кейін салмағын, дәмін, бағасын, барлығын қарап, содан кейін акт жасалады. Қандай да бір ескертулер болса аспазшыларға айтылып, ары қарай жедел түрде жұмыс атқарып отырамыз.
Мектеп басшылығының айтуынша арнайы комиссиядан бөлек ас мәзірінің сапасын ата-аналар да тексере алады. Олар балаларға берілетін тамақтан дәм татып, қажет болса ұсыныс енгізуге құқылы. Облыс бойынша бастауыштың 47 мыңдай оқушысы тамақпен тегін қамтылған.
Алма Шұтирова, Малайсары батыр атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі:
- Екінші сабақтан кейін барлық бастауыш сынып тамақ ішуге келеді. Балаларға тамақ ұнайды. Сүйсініп жейді. Енді күнделікті жеп отырған тамақтары ғой бәрінің. Сондықтан да балалар қуанып, мәз болып қарындары ашып, екінші сағатта «мұғалім асханаға қашан барамыз?» деп кәдімгі сұрап отырады сабақтан кейін.
Ал Шымкентте бастауыш сынып оқушыларына берілетін тегін тамақтың талапқа сай үлестірілуін ата-аналар бақылайды. Ол үшін әр мектептің жанынан арнайы топ құрылып, кезекшілік бекітілген.
Виктория Лопатина, қала тұрғыны:
- Мен де кез-келген ата-ана сияқты баламның жағдайына алаңдаймын. Сондықтан оның тәбеті қандай? Қандай тамақ жеп жүр деген сұрақтарға жауап алу үшін кезекшілікке келісім бердім. Өйткені баланың бұл жасында қажетті энергия жинауы үшін құнарлы тағам керек. Сондықтан бір мезгіл келіп, ас-ауқаттан дәм татамыз. Бағасын береміз.
Ата-аналар ортақ чатта пікірімен бөліседі. Мектеп директорлары ашықтықты қамтамасыз ету үшін осындай шешім қабылдапты. Тың бастаманы ата-аналар алқасы бірден қолдаған. Аспаздар сыни пікірлерді дұрыс қабылдап, ас мәзірін жетілдіруге күш салады.
Балжан Берденова, асхана меңгерушісі:
- Әр сыныптан екі ата-анадан кезекшілік жасап, келіп тұрады. Сол кезде тамақтарын жеп, сол күні кешке немесе шыққан бойда осы чатқа өзінің пікірін жазып немесе суреттерімен қоса салып отырады. Бізге ол өте керек. Себебі кері байланыс орнап, біз қаншалықты жұмыс істеп отырғанымыздың нәтижесін біліп отырамыз.
Еске сала кетсек, Шымкент қаласы бойынша 80 мыңнан астам бастауыш сынып оқушысына мемлекеттік бюджет есебінен бір реттік тамақ тегін беріледі. Бұл мақсатта қазынадан 7 милиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Қарлығаш Қасиетова, Нұрсұлтан Мұхамеджанов, Марат Игіліков, «Хабар-24».