Ақтөбе облысында аудан жолдары жөнделіп жатыр
Ақтөбе облысының Ойыл ауданында жол жөндеу жұмысы қарқын алды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тек биылдың өзінде бірқатар ауылдарды қамтитын 100 шақырымға жуық жолды қалыпқа келтіру жоспарда бар. Бұл үшін бюджеттен 9 млрд теңгеге жуық қаржы қаралып отыр.
Аудан орталығына кіреберіс жолды жөндеу қызу жүріп жатыр. Іргедегі Ойыл өзенінің үстінен көпір арқылы тартылған жол өлкедегі ең көне көлік дәлізінің қатарында. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынып, соңғы рет 2008-де жаңартылған. Содан бергі уақытта шұрық-тесігі көбейіп, әбден тозыпты. Енді қайта жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 190 млн теңге бөлініпті.
Аслан Мамыржанов, мердігер компания өкілі:
- Қыркүйекте аяқтаймыз. Сол 10 шақты адамымыз бар. Техника, каток. Біз жолды кесіп алып тастаймыз да, ескірген жол ғой енді, қайтадан жаңадан асфальт салып, төсейміз. 5 см асфальт болады, 5 жылдай кепілдігі бар.
Бүгінде тозығы жеткен аудандық маңыздағы жолдарды қалыпқа келтіру басты мәселенің қатарында. Ал нақты істерді қолға алып, түбегейлі шешу үшін былтырдан бері тиісті жұмыстар қола алынған. Қазір аталмыш санаттағы 243 шақырымдық жолдың 100 шақырымын жөндеу жүріп жатыр. Бұл үшін жасақталған 9 жобаға облыстық және республикалық бюджеттен қомақты қаржы қарастырылған.
Азамат Исмағұлов, аудандық сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Бірнеше ауылдық округ орталықтарына жол тартылып жатыр. Олардың енді барлығы асфальт жабыны емес. Оның бір бөлігі қиыршық таспен жабынды түрінде. Себебі сол тиімді болып, солай салынып жатыр. 2022 жылы басталып, биыл жалғастырылып жатқан жұмыстар бар. Ауыспалы жобалар. Кейбіреулері осы жақында бітеді. Кейбіреулері келесі жылға да ауыспалы жобалар бар.
Мамандардың айтуынша, жол жөндеу жұмысы бірер жылда күн тәртібінен түспейді. Себебі жүздеген тұрғыны бар ауылдармен қарым-қатынас жайын жақсарту жоспарда. Сондықтан әлі бірқатар жобаны іске асыру бірнеше жылға созылуы мүмкін дейді.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Жалпылай алғанда, Ойыл өлкесінде аудандық маңыздағы жолдардың шамамен жартысына жуығы жөнделіп жатыр. Мұндай жұмыс бұрын-соңды болған емес. Нәтижесінде Қаратал, Қараой ауылдарынан өзге, шалғайда жатқан Сарбие елдімекенімен де қарым-қатынас жақсаратын болады.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.