Қарағанды облысында 17 жылжымалы блок-бекет қойылды
Қарағанды облысында мал ұрлығы көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мұны мамандар күздік соятын уақыттың келуімен байланыстырады. Осыған орай республикалық маңыздағы және облыстық тасжолдардың бойына 17 жылжымалы блок бекет қойылды. Криминалдық полиция мен учаскелік инспекторлар тәулік бойы өткен-кеткен көлікті жаппай тоқтатып, жүк салғышты қарап, құжат тексеретін болады. Заң бұзғандар жазаланады.
Мысалы, бірер күн бұрын Ақтоғай ауданында 4 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды. Тергеу барысында олардың 6 бас ірі қараны жымқырғаны дәлелденген. Ал жыл басынан бері өңірде мал ұрлығына қатысты 25 дерек тіркеліпті. Соның 10-ы тәртіп сақшыларының қырағылығы арқасында ашылды. Тұрақты түрде мал ұрлығымен айналысып келген 2 бірдей қылмыстық топ ұсталды.
Қуат Мақаш, криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы:
- Дәстүрлі күздік және соғым уақыты жақындап келеді. Осы уақыт аралығында мал ұрлығы көп болады. Сондықтан мобильдік топ осы қылмыстардың алдын алу жұмысын жасайды. Олардың мақсаты – ет өнімдерін тасымалдайтын көліктерді тексеріп, ет өнімдері құжаттарының талапқа сай болуын қадағалау.