Павлодар облысында көп салалы спорт алаңы салынады
«Ауыл –Ел бесігі» бағдарламасы шалғайдағы елді мекендердің еңсесін көтерді.
Павлодар облысының ресеймен шектес жатқан Успен ауданында бірнеше жоба іске асты. Мәселен, Новопокров ауылында Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Мектеп терезелері ауыстырылды. Ауыл көшелеріне асфальт төселді. Жергілікті тұрғындар енді көпсалалы спорт алаңын тағатсыздана күтіп жүр. Құны 90 миллион теңгеге түскен нысанның негізгі жұмыстары аяқталған. Онда футбол, волейбол, баскетбол алаңдары бар. Сонымен қатар тренажер, воркаут, жүгіру алаңы, және секіру шұңқыры пайда болады.
Вячеслав Симоненко, Новопокров ауылдық округінің әкімі:
- Бұл – біздің ауылымызда жаңадан салынып жатқан алғашқы спорт нысаны. Жергілікті тұрғындардың белсенді түрде спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалатын болды. Бұған дейін біз дене шынықтырумен кеңестік дәуірден қалған типті емес, мектептің спорт залында айналысып келдік. Оның іші тар әрі спорт ойындарына арналмаған.
Светлана Стаценко, Новопокров ауылының тұрғыны:
- Ауылымызды абаттандыру бойынша үлкен өзгерістер болып жатыр. Көшелердің барлығына асфальт төселді. Ауыл адамдары өте риза. Әсіресе мектепке баратын балалар бұрынғыдай саз кешпейді.